Қазақстанның құрылыс саласы тұрақты өсім көрсетіп, қарқын алып келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Биыл 19,2 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Бұл – ел тарихында алғаш рет тіркелген рекордтық көрсеткіш. Саладағы нақты көлем индексі 115%-дан асып отыр. Бұл туралы Үкіметтегі брифингте Индустрия және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлімдеді.
Министр ішкі нарықты отандық құрылыс материалдарымен қамтамасыз етудің маңыздылығына тоқталды.
Ішкі нарықтың 66%-ын отандық тауарлар қамтамасыз етеді, ал 30%-дан астамы – импорт. Әңгіме құрылыс жұмыстарының бастапқы кезеңіне қажет негізгі өнімдер жайлы: бетон, цемент, пештер және басқа да негізгі материалдар, - деді ол.
Оның айтуынша, тұсқағаз, линолеум немесе сантехника сияқты кейбір өнім түрлері әлі де импортқа тәуелді.
Біздің өндірушілер өнімін басқа елдерге емін-еркін сата алмайды, ал Қытай, Ресей және Беларусь ешқандай шектеусіз жұмыс істеп отыр. Мәселе өндірісте емес, мемлекеттік қолдаудың жеткіліксіздігінде. Біздің міндет – кәсіпорындардың жұмыс істеуіне және ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етуіне жағдай жасау, – деп атап өтті министр.
Ведомство басшысы атап өткендей, Үкімет отандық өндірушілерді қолдау үшін барлық мүмкіндікті жасап жатыр.