Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Қазақстан Халық партиясының төрағасы Ермұхамет Ертісбаев мәлімдеді.
Кеше тарихи референдум өтті. Халқымыз өзінің кемелдігін көрсетіп, Конституцияға енгізілетін түзетулердің қабылдануын қолдады! Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформалары мен жаңа Қазақстанды сайлаушылардың 77%-ы қолдады, ал дауыс беруге қатысу 68%-дан асты. ҚХП қоғамда идеялық күреске бірден қосылып, референдумды қолдауда насихат жұмысына үлкен үлес қосты. Біз нәтижеге ризамыз және бұл – барлық қазақстандықтың жеңісі деп санаймыз! Қазақстандықтар іс жүзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа зор сенім білдірді. Жаңа, әділетті Қазақстанның берік конституциялық іргетасы қаланды деп айтуға болады, - деді Ермұхамет Ертісбаев республикалық референдумның қорытындысына жасаған ресми мәлімдемесінде.
Оның айтуынша, 4 сәуір күні ҚХП мемлекет емес, халық жер мен табиғи ресурстардың меншік иесі болуы керек деген бастамасын ресми түрде жариялап, Конституцияға енгізілетін түзетулерді әзірлеу жөніндегі жұмыс тобына жолдаған.
Халық партиясының түзетуі қабылданды. Бұл түзетудің әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру үшін маңызы зор. Референдумнан кейін қазақстандықтардың алдында тұрған басты міндет – Конституцияның қабылданған нормасын заңнамалық және тәжірибелік тұрғыда іске асыру. Барлық мемлекеттік компанияны, бірінші кезекте «Самұрық-Қазына» қорын шенеуніктердің қолынан тікелей және дереу халықтың меншігіне беру қажет. Үкімет мемлекеттік активтерді тиімді басқара алмайды. «Самұрық-Қазына» қорының дивиденд төлегеннен бюджеттен ақша алғаны әлдеқайда көп. 2008 жылдан бастап қордың жарғылық капиталына бюджеттен түскен жарна – 1,8 трлн теңгені, ал қордың бюджетке төлеген дивиденді небары – 450 млрд теңге, - деді Ермұхамет Ертісбаев.