Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жамбыл облысының өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары Жәмиля Бекбатырова жаңа оқу жылының ерекшелігі туралы айтып берді.
Биылғы оқу жылында облыста 442 мектепке 240 мыңнан астам оқушы келеді. Сабақ барлық мектепте дәстүрлі түрде басталады.
Жаңа оқу жылында 1-сыныпқа 22 мыңнан астам бала келеді. 1 қыркүйек Білім күнінде 1-сынып оқушыларына салтанатты жиын барысында Әліппе және Букварь оқулықтары табыс етіледі. Бұл оқулықтар бірнеше жылдан кейін 1-сыныптарға қайта берілгелі отыр. Оқулықтардың ерекшелігі - оқушылардың буындап оқып, мәтіндермен жұмысын, алғашқы әріптерін үйренуге мүмкіндіктер жасалуында, - деді ол.
Бұл оқулықтарды QR-код арқылы смартфондарға жүктеп алуға болады. Биылғы оқу жылында педагогтардың апталық жүктемесіне 18 сағаттан 16 сағатқа төмендетілді. Бұл жаңа оқу жылының бір ерекшелігі. Сабақтың ұзақтығы 45 минут болады.
Биыл педагогтардың алдына үлкен міндеттер қойылып отыр. Себебі өткен оқу жылы біз үшін оңай болған жоқ. Дәстүрлі форматтан қашықтан, аралас оқытуға ауыстық. Осы аралықта оқушылардың білімінде олқылықтар болды. Осының орнын толтыру үшін әр мұғалімде жеке жұмыс жоспары болады. Соған сәйкес барлық оқушыға қосымша сабақтар жүргізіледі, - деп түсіндірді Жәмиля Бекбатырова.