Ұлттық құрылтайдың V отырысы Қазақстанның саяси жүйесіндегі ауқымды институционалдық өзгерістермен ел тарихында қалуы мүмкін. Жиында Парламенттің құрылымы мен өкілеттіктерін жаңғырту, қоғамдық өкілділіктің жаңа тетіктерін енгізу және билік сабақтастығын күшейтуге бағытталған бірқатар маңызды ұсыныс айтылды. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ, Саяси зерттеулер бөлімінің бас сарапшысы Айгерім Абдрашитова айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Парламентке «Құрылтай» атауын беру ұсынылды
Ұлттық құрылтай барысында екі негізгі функцияны – заң шығару мен халық атынан өкілдік етуді – біріктіретін Парламенттің болашағына қатысты нақты ұсыныстар жарияланды. Соған сәйкес, бірпалаталы Парламентке «Құрылтай» атауын беру, оның құрамын 145 депутаттан және сегіз тұрақты комитеттен қалыптастыру ұсынылды.
Бұл бастама қазақтың саяси-тарихи дәстүріндегі құрылтай институтымен сабақтас. Құрылтай – ұжымдық талқылау, ортақ мәмілеге келу және қабылданған шешімдерді заңдастырумен байланысты ұғым. Осы тарихи атауды міндетті заңдар қабылдайтын органға беру ұлттық саяси дәстүр мен заманауи өкілді демократияны ұштастыруға деген ұмтылысты көрсетеді, - деді Айгерім Абдрашитова.
Заң қабылдаудың жаңа тәртібі енгізілуі мүмкін
Ұсынылған өзгерістердің бірі – заң қабылдаудың үш кезеңнен тұратын жаңа тәртібі. Бұл модель бойынша заң жобасы:
1. Алдымен тұжырымдамалық деңгейде мақұлданады;
2. Кейін түзетулер жан-жақты талқыланып, нақтыланады;
3. Соңында заң түпкілікті қабылданады.
Спикердің сөзінше, мұндай тәсіл екіпалаталы жүйеге тән ұзақ бюрократиялық үдерістерді қысқартып, заң шығару жұмысын жеделдетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, заңнаманың сапасы мен болжамдылығын арттыруға бағытталған.
Президенттік квота алынып тасталуы мүмкін
Парламент құрамындағы депутаттар санын 145-пен шектеу ұсынылды. Алайда тиімділік тек санға емес, өкілеттіктердің нақты бөлінуі мен кәсібиленуге байланысты екені атап өтілді. Осы тұрғыда президенттік квотаны алып тастау Парламенттің институционалдық дербестігін күшейтетін маңызды қадам ретінде бағаланып отыр.
Сонымен қатар, әйелдерге, жастарға және мүгедектігі бар азаматтарға арналған квоталардың сақталуы әлеуметтік теңдік пен инклюзивтілікке басымдық берілетінін көрсетеді.
Парламенттің өкілеттіктері кеңеюі мүмкін
Ұсыныстар қатарында Парламенттің негізгі мемлекеттік институттарды қалыптастырудағы рөлін күшейту де бар. Атап айтқанда, Конституциялық сот, Жоғары аудиторлық палата және Орталық сайлау комиссиясы мүшелерін тағайындау Парламенттің келісімімен жүзеге асырылуы мүмкін, - деді сарапшы.
Сондай-ақ депутаттарға Президенттің ұсынуымен Жоғарғы сот судьяларын сайлау өкілеттігін беру ұсынылды. Бұл өзгерістер билік тармақтары арасындағы тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін нығайтып, Парламенттің саяси салмағын арттыруға бағытталған.
Халық кеңесі құрылуы мүмкін
Ұлттық құрылтайда Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың орнына Халық кеңесін құру мәселесі де көтерілді. Ерекшелігі – бұл органның заң шығару бастамасы құқығына ие болуы.
Халық кеңесі Парламентті алмастырмайды. Оның басты мақсаты – қоғамдық сұранысты институционалдық деңгейде рәсімдеп, оны ресми заңнамалық үдерістің бір бөлігіне айналдыру. Мұндай тетіктер азаматтық ассамблеялар түрінде бірқатар елдерде, соның ішінде Еуропалық одақта қолданылады.
Вице-президент лауазымын енгізу ұсынылды
Жиында тағы бір маңызды бастама – вице-президент қызметін енгізу ұсынысы айтылды. Әлемдік тәжірибеде бұл институт биліктің тұрақтылығы мен сабақтастығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Президенттің айтуынша, вице-президент өкілдік және үйлестіруші функцияларды атқарып, халықаралық форумдар мен келіссөздерге қатысады, шетелдік делегациялармен кездесулер өткізеді, сондай-ақ Президенттің Парламенттегі өкілі ретінде заң шығару үдерісіндегі өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді. Сонымен бірге, отандық және шетелдік қоғамдық-саяси, ғылыми және мәдени ұйымдармен байланыс орнатып, Мемлекет басшысы жүктейтін өзге де міндеттерді атқарады, - деп түсіндірді Абдрашитова.
Референдум арқылы шешілуі мүмкін
Жалпы алғанда, ұсынылған өзгерістер заманауи парламентаризмді, ұлттық-тарихи символиканы, қоғамдық қатысудың институционалдандырылған тетіктерін және саяси тұрақтылық механизмдерін өзара үйлестіреді. Алайда бұл бастамалардың барлығы жалпыхалықтық референдум арқылы шешілуі мүмкін екенін ескеру қажет.