Жаңа Конституция қоғамдағы тепе-теңдікті бекітіп, дамудың жаңа басымдықтарын айқындайды - Ерлан Қарин

Ол жаңа жобаны әзірлеу мен қоғамдық талқылау процесін ерекше маңызды деп атады.

 ©BAQ.KZ 21 Ақпан 2026, 14:05
21 Ақпан 2026, 14:05
947
Фото: ©BAQ.KZ

ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Карин Конституцияға енгізілетін түзетулерді талқылауға арналған сараптамалық алаңда елдің Ата заңындағы өзгерістерге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ол жаңа жобаны әзірлеу мен оны қоғамдық талқылау процесінің ерекше маңызы бар екенін атап өтіп, мұның ел тарихындағы жаңа кезеңнің басталуын білдіретінін айтты. Оның сөзінше, әр кезеңде әртүрлі Конституциялар қабылданған. Қазіргі өзгерістер де Қазақстанның жаңа тарихи даму цикліне қадам басқанын көрсетеді.

Жаңа жобаны әзірлеу мен талқылау белгілі бір жаңа кезеңнің басталғанын аңғартады. Конституциялық комиссияның бір отырысында менің әріптесім Марат Шибутов әр кезеңде – кеңес дәуірінде, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында – әртүрлі Конституциялар қабылданғанын мысалға келтірді. Бұл үдерістерді әрқалай жіктеуге болады, бұл бөлек талқыланатын тақырып деп ойлаймын. Бірақ ең бастысы – қазіргі процесс еліміздің дамуындағы нақты бір тарихи кезеңнің басталғанын білдіреді, - деді Ерлан Карин.

Оның айтуынша, әлемдік тәжірибеде жаңа Конституцияның қабылдануы мемлекет дамуының жаңа сатысына өтуінің бастауы саналады. Қазіргі қоғамдық талқылау да аяқталған кезең мен жаңа циклдің арасын айқындайтын межеге айналып отыр. Себебі Қазақстан да, оның қоғамы да айтарлықтай өзгерді.

Жаңа Конституция қоғамда қалыптасқан тепе-теңдік пен келісімді бекітеді. Бірақ ең маңыздысы – ол біз қай бағытта жүріп жатырмыз, болашақта қандай мемлекет құруды көздейміз деген сұраққа жауап береді. Жаңа жобаның мәні де осында. Жобада ғылым мен білім құндылықтарының көрініс табуы, алғаш рет жеке баппен ғылым, білім және инновация мемлекетті дамытудың стратегиялық негізі ретінде танылуы – мұның бәрі Қазақстанның адам капиталына басымдық беретін және технологиялық тұрғыдан дамыған ел болуға ұмтылатынын көрсетеді. Сондықтан жаңа Конституция еліміздің дамуындағы бір кезеңді шартты түрде аяқтап қана қоймай, жаңа кезеңді ашып, мемлекет дамуының жаңа басымдықтарын айқындайды, - деп түйіндеді Ерлан Карин.

Наверх