2026 жылғы наурызда өткен Қазақстанның жаңа Конституциясын қабылдау жөніндегі референдум мемлекеттің әлеуметтік саясатының алдағы бағытын айқындаған маңызды саяси-құқықтық оқиғалардың біріне айналды. Жаңартылған Ата заңда адам құқықтарын қорғауға басымдық беріліп, соның ішінде балалар мен отбасы институтына ерекше назар аударылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Конституцияның жаңа редакциясында неке мен отбасы, ана, әке және бала мемлекеттің қорғауында болатыны туралы ереже сақталып қана қоймай, күшейтілді. Осылайша мемлекет баланың әлеуметтік қорғалуына, отбасында өмір сүруіне, денсаулығын қорғауға, білім алуға және қауіпсіздігіне кепілдік беру жауапкершілігін өз мойнына алады.
Тиісті нормалар «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» заңда, сондай-ақ бірқатар кодекстер мен нормативтік құқықтық актілерде бекітілген. Айта кету керек, 2025 жылдан бастап өңірлік деңгейде балалардың құқықтарын қорғауға арналған мамандандырылған басқармалар мен бөлімдер жұмыс істеп келеді. Бұл институционалдық қолдау жүйесін күшейтті.
«Жаңа Конституция жобасының 30-бабында неке мен отбасы, ана, әке және бала мемлекеттің қорғауында екені көрсетілген. Бұл мемлекет баланың әлеуметтік қорғалуы, отбасында өмір сүруі, денсаулығын қорғау, білім алуы және қауіпсіздігіне жауапты дегенді білдіреді», – деді бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева.
Оның айтуынша, өткен жылдың өзінде мемлекет тәуекелдерді дер кезінде анықтап, қауіптің алдын алып, балалардың құқықтық қорғалуын қамтамасыз еткен 51 мыңнан астам жағдай тіркелген. 2026 жылдың қаңтарында 2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы бекітілді. Бұл құжат мемлекеттік қолдау шараларын біртұтас жүйеге біріктіреді. Онда қауіпсіздік, білім беру, денсаулық сақтау және отбасы саясаты мәселелері қамтылып, 158 іс-шара мен тиімділікті өлшейтін нақты көрсеткіштер енгізілген.
Осылайша баланың құқықтарын қорғау тәсілі жүйелі түрде өзгеріп отыр: бұрын шаралар бөлек-бөлек жүзеге асырылса, енді баланы кешенді сүйемелдеудің бірыңғай үлгісі қалыптасуда.
Балалардың қауіпсіздігін күшейту
Айта кету керек, басты назар тек формалды кепілдіктерге емес, балаларды іс жүзінде қорғауға аударылып отыр. 2026 жылы психологиялық көмек орталықтары дамып, «111» бірыңғай байланыс орталығы жұмыс істеп тұр. Зорлық-зомбылық пен цифрлық қауіптерден қорғау шаралары енгізіліп, балалардың ақпараттық қауіпсіздігіне бақылау күшейтілуде. Буллинг пен интернеттегі қауіптерді ерте анықтау бағытындағы жұмыс та кеңейіп келеді.
Өзгерістер балалар мен олардың отбасыларының өмірінің негізгі салаларын қамтып отыр. Білім беру жүйесінде оқудың қолжетімділігі мен сапасына, сондай-ақ қауіпсіз орта қалыптастыруға ерекше мән берілуде. Денсаулық сақтау саласында алдын алу мен ерте диагностика басым бағыт болып қала береді. Әлеуметтік саясатта балалы отбасыларды қолдау шаралары, оның ішінде атаулы көмек көлемі кеңейтіліп жатыр.
Конституцияда балаларға қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу ата-ананың табиғи құқығы әрі міндеті екені де бекітілген. Бұл ретте отбасы баланың дамуының негізгі ортасы ретінде қарастырылып, мемлекет оны қолдауға қажетті жағдай жасайды.
Жалпы алғанда, қабылданған өзгерістер баланың құқықтарын қорғауға жүйелі көзқарас қалыптастырады. Конституциялық нормалар білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау салаларындағы заңнаманы әрі қарай жетілдіруге және практикалық тетіктерді дамытуға негіз болады.