Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университтетінің Басқарма төрағасы - Ректорының міндетін атқарушы Суатай Сабит Құрманжанұлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың күнікеше Қазақстан халқына жасаған Жолдауына қатысты пікірімен бөлісті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қыркүйектегі «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында айтылған Қазақстанның саяси-цифрлық жүйесін реформалау жөніндегі бастамалары трансформациялық әлемдегі жаңа қиындықтарды еңсерудің жалғасы және алғышарты. Әлемдегі орын алып жатқан саяси қақтығыстармен, экономикалық теңсіздік және жаңа қауіпсіздік қатерлеріне қарамастан, адам жаңа дәуірге аяқ басты. Қасым-Жомарт Тоқаев – «...Әлемде жаңа геосаяси тәртіп орныға бастады. ...Барлық ел өсіп-өркендеу үшін бейбітшілікті сақтап, ортақ мәмілеге келе білуі керек» – деп көрсете отырып, Қазақсанның халықаралық деңгейдегі ұстанымын айқындай түсті. Бұл өзгерістер адам және қоғам болмысының барлық аспектілеріне: экономикаға, мәдениетке, саясатқа, әлеуметтік институттарға, демографияға, ұлтаралық және конфессияаралық қатынастарға, тұлғаның тұлғалық даму саласына әсер етеді. Жаһандық интеграциялық үрдістерде «батыстық этносаралық-дінаралық үйлесім мен мәдени әралуандық тұжырымдамасы дағдарысқа ұшырады», бүгінгі әлемде келісімнің құндылығының артқаны аңғарылады. Қазақстан жаһандық қауымдастықтың бір бөлігі ретінде цифрландыру мен жасанды интеллект дәуіріне шешуші қадам жасауда. Мемлекеттің басты мақсаты – елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, болашақ ұрпақтың жақсы өмір сүруіне жағдай жасау.
Жолдауда бірлескен салалық даму реформалары «Әділетті мемлекет – әділетті экономика – әділетті қоғам» тұжырымдамасына сәйкес идеологиялық бағыты анық және дәйекті түрде көрсетілді және уақыт талабына сәйкес келетін ұлт сапасын қалыптастыруға бағытталған жаңа императивтерді анықтады. Президент атаған бастамаларының барлығы қазақстандықтарды, ең алдымен, адам өзінен бастауға, өзі үшін жауапкершілік алуға және мемлекеттік аппаратты басқаруға жаңғыртуды енгізуге бағытталған шешуші трансформациялық әрекеттерге шақыру деп айтар едім. Қазақстанның саяси-экономикалық, мәдение-әлеуметтік әлеуетінің жоғары болуы оның әрбір мемлекеттің субъектісіне тікелей байланысты, себебі, бұл қоғамдық дамудың тарихи аксиомасы. Гүлденген, бейбіт және дамыған Қазақстан, ең алдымен, өз өмірін, балаларының тағдырын, отбасының тарихы мен болашағын Қазақстанмен байланыстырған біз үшін қажет. Сондықтан да Жолдаудың лейтмотиві – елді цифрландыру арқылы жаңғырту, адами капиталды дамыту, экономикалық және әлеуметтік тұрақтылықты нығайту, сондай-ақ азаматтардың ілгерілеуі мен әл-ауқатын қамтамасыз ету үшін халықаралық ынтымақтастықты нығайту.
Жолдау мемлекет пен қоғам арасындағы қарым-қатынаста диалогтық стратегия арқылы жүзеге асырылатын жүйелілік, күрделілік және кешенділік тұрғысынан «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын теориялық тұрғыдан дамытуды және нығайтуды жалғастыруда. Қоғам мен мемлекет арасындағы сенімді, азаматтық ынтымақтастықты нығайту факторы – заң және тәртіп негізінде жаңа саяси мәдениет қалыптасатын диалог мәдениеті қоғамның ашықтығына ықпал етеді. Президент Жолдауында айтылған саяси бағыттағы жүйелі жүзеге асырылатын қадамдарды жалғастыру бойынша парламенттік жүйені реформалау ұсынылды. Бұл бағытта Қазақстандықтардың қажеттіліктеріне бағдарланған, тиімді әлеуетке ие жаңашылдықтар мен бастамалар жүйесі нығая түседі деген сенімдеміз.
Президент Жолдауда күрделі геосаяси және цифрлық даму жағдайында Қазақстан үшін маңызды жеті мәселе қарастырылды және Үкіметке нақты, жедел орындауды қажет ететін тапсырмалар берілді.
1. Елімізге қомақты инвестиция тарту. Қаржыны тарту – экономиканы дамыту мен жаңа жұмыс орындарын ашудың негізгі қозғаушы күші. Жеке сектор мен шетелдік инвесторлар үшін тартымды жағдай жасау арқылы Қазақстан тұрақты экономикалық өсуге қол жеткізе алады.
2. Өңдеу өнеркәсібінің дамуына жаңа серпін беру. Өңдеу өнеркәсібін жаңғырту мен модернизациялау елдің экспорттық әлеуетін арттырып, қосымша құнды өнім өндіру мүмкіндігін кеңейтеді. Бұл салада технологиялық инновациялар енгізу арқылы бәсекеге қабілеттілік артады.
3. Ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру. Ауыл шаруашылығын цифрландыру, заманауи техника енгізу және өнімділікті арттыру арқылы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге болады. Бұл қадам аграрлық секторды тұрақты әрі тиімді етеді.
4. Көлік-логистиканы дамыту. Жетілген көлік инфрақұрылымы экспортты кеңейтуге, ішкі нарықтағы тауар қозғалысын жылдамдатуға және аймақаралық байланыстарды нығайтуға ықпал етеді.
5. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен су инфрақұрылымын жаңғырту. Қала мен ауыл тұрғындарына сапалы өмір сүру жағдайын қамтамасыз ету – әлеуметтік тұрақтылықтың басты факторы. Су және коммуналдық инфрақұрылымды жаңарту денсаулық пен экологиялық ахуалды жақсартады.
6. Кәсіпкерлер елімізді цифрлық дамытудың қозғаушы күші болуға тиіс. Цифрлық экономиканы дамыту кәсіпкерлік сектордың инновациялық әлеуетін арттырады, мемлекеттік қызметтердің тиімділігін және бизнес үшін жаңа мүмкіндіктерді ұсынады.
7. Экономиканы жан-жақты жаңғырту жұмыстары адам капиталын дамытуға қатысты жаңа міндеттер жүктейді. Білім беру, дағдыларды дамыту және кәсіби оқыту арқылы еңбек ресурстары сапасын арттыру – елдің ұзақ мерзімді тұрақты дамуының негізі.
Жолдауда білім және ғылым саласына ерекше назар аударылды. Елдің білім беру жүйесін бастауыштан жоғары оқу орындарына дейін жаңғырту, оқу сапасын арттыру және заманауи білім беру стандарттарын енгізу маңызды міндет ретінде қойылды. Жоғары оқу орындары тек білім беретін мекеме ғана емес, сонымен қатар ғылыми-зерттеу орталықтары және инновациялық технологияларды дамыту алаңдарына айналуы тиіс. Бұл университеттерді халықаралық деңгейде танымал ету, білікті профессорлар мен зерттеушілерді тарту арқылы жүзеге асырылады.
Ғылым саласында стратегиялық бағыттағы зерттеулерді қаржыландыру күшейтіліп, жас ғалымдар мен ғылыми стартаптарды ынталандыру арқылы жаңа технологиялық шешімдерді енгізу көзделген. Сонымен қатар, адам капиталын дамыту – экономиканың тиімді жаңғыруының негізгі шарты ретінде қарастырылды. Бұл кәсіптік және техникалық білім беруге басымдық беру, еңбек нарығының қажеттіліктеріне сәйкес кадрларды даярлау және жоғары оқу орындары мен кәсіпорындардың ынтымақтастығын күшейту арқылы студенттердің тәжірибелік дағдыларын жетілдіруді қамтиды.
Осылайша, Жолдауда білім беру мен ғылымды модернизациялау арқылы елдің адам капиталын арттыру бойынша нақты шаралар белгіленген.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның одан әрі қарқынды дамуы цифрлық жаңғыртумен тығыз байланысты, жасанды интеллектіні енгізу еліміздің әлеуетін еселейді, ал суперкомпьютерді іске қосу – бұл тек бастама. Үкімет «Digital Qazaqstan» тұжырымдамалық құжаты арқылы барлық жобаларды ұлттық стратегия аясында біріктіріп, цифрлық трансформацияны жүйелі жүргізуді жоспарлап отыр. Нәтижесінде бұл жұмыстар халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға, әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыруға және әр азаматтың ертеңіне сенімді болуына бағытталған.
Қолға алынған реформалардың басты мақсаты – халықтың әл-ауқатын арттыру және елдің жан-жақты өрлеуін қамтамасыз ете отырып, цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту еліміздің стратегиялық бағдарындағы басты міндеттердің біріне айналдырмақ.