Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның ХІІ отырысында Конституциялық сот төрағасы Эльвира Әзімова Жаңа Конституция жобасын референдумға шығару мәселесін көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Комиссия мүшелерінің басым бөлігі Жаңа Конституция жобасын республикалық референдумға шығаруды қолдайтынын білдірді. Сонымен қатар азаматтық қоғамда да референдум өткізуді қолдайтын ұстаным басым екені атап өтілді. Комиссия Президент жанындағы консультативтік-кеңестік орган болғандықтан, көпшілік пікірін ескере отырып, Мемлекет басшысына пысықталған Конституция жобасын республикалық референдумға шығаруды ұсыну қажет деп санаймын, - деді Әзімова.
Оның сөзінше, референдум әрбір Қазақстан азаматына Жаңа Конституция жобасы бойынша өз пікірін білдіруге және конституциялық құқығын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысы референдум өткізу туралы шешім қабылдаған жағдайда, Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның миссиясы өз мәресіне жеткен болып саналады. Сонымен қатар комиссия мүшелері алдағы кезеңде де өз жұмысын жалғастырады, - дейді ол.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Эльвира Әзімова Конституциялық комиссияға 10 мыңнан астам өтініш түскенін айтты.