Жаңа ақылы жолдар 23 қарашада ашылады

18 Қараша 2021, 18:20
1658
Бөлісу:
Жаңа ақылы жолдар 23 қарашада ашылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 23 қарашадан бастап еліміз бойынша жаңа жеті жол бөлігі қолданысқа беріледі. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Марат Сүлейменов хабарлады.

«Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында 2021 жылы 18 бағыт бойынша ақылы жолдарды енгізу жоспарланған.

 2021 жылдың 1 қараша күні қолданысқа берілуі керек болған Нұр-Сұлтан - Павлодар; Шымкент - Өзбекстан шекарасы (Ташкентке); Щучинск - Көкшетау; Қапшағай - Талдықорған; Шымкент - Тараз; Тараз - Қайнар; Шымкент - Қызылорда сынды жаңа жеті жол бөлігі 23 қарашадан бастап ақылы болады.

Жеңіл көліктер 1 километр үшін 1 теңге, ал жүк көліктері 25 теңгеге дейін төлейді. І санаттағы тас жолдарда автокөліктердің барлық түрі, ал ІІ және ІІІ санаттағы тас жолдарда тек жүк көліктері төлем жасайды. Шетелдік және отандық көліктерге төлемақы көлемі бірдей. Жолда жүруге төленген ақы тас жолды күтіп ұстауға, қызмет көрсету сапасын жақсартуға жұмсалады, - дейді «ҚазАвтоЖол» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Марат Сүлейменов.

Жаңа жолдарда шлагбаум болмайды, тұрғындар өз шотына мобильді қосымшалар арқылы ақша салады. Автокөліктердің жүріп өткен жолы туралы ақпарат бақылау аркаларындағы бейнекамералар арқылы тіркеледі.

Ақылы жолдармен жүруге мүмкіндігі шектеулі жандар мен ардагерлер үшін жеңілдіктер жүйесі әзірленеді. Ақылы учаскеге іргелес елді мекендерде тіркелген жеңіл көлік құралдарының иелері үшін 365 күнге абоненттік төлем қарастырылған.

 


Өзгелердің жаңалығы