Шымкент қаласында өңіраралық инвестициялық форумы өтіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Форум аясында Түркістан, Жамбыл, Қызылорда облыстарының тауар өндірушілерінің қатысуымен өңіраралық көрме-жәрмеңкесі ұйымдастырылған.
Шараға облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек, кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев, 15 тауар өндіруші мен қолөнершілер қатысуда.
Көрменің басты мақсаты – отандық тауар өндірушілердің жоғары сапалы және бәсекеге қабілетті өнімдерімен кеңінен танысу, жаңа серіктестер іздеу және өзара тиімді келісімдер жасасу. Көрме отандық өндірушілерді насихаттауға бағытталған және кәсіпорындарды дамытуға, жаңа технологияларды енгізуге және импортты алмастыратын өнімдердің ассортиментін арттыруға ынталандыруды көздейді.
Шараға іскерлік байланыстарды орнату үшін мердігер компаниялар, әртүрлі саладағы жобалық ұйымдар, қонақ үй және мейрамхана бизнесінің өкілдері, сауда және дистрибьюторлық компаниялар және жергілікті атқарушы органдар шақырылған.
Көрмеде химиялық, машина жасау, тамақ, жиһаз өнеркәсібі, құрылыс материалдары мен агро-өнеркәсіп кешенінің 100-ден астам кәсіпорны өз өнімдерін ұсынуда. Сондай-ақ қолөнершілердің бұйымдары қойылған.
Көрме-жәрмеңкеде өңірлер арасында кәсіпорындар ынтымақтастық жөнінде келіссөздер жүргізуде.