Кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылыққа нөлдік төзімділікті қалыптастырудың маңыздылығы қазіргі қоғамда барған сайын өзекті болып келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Осыған орай облыс прокурорының орынбасарлары мен қала-аудан прокурорлары өңірдегі 165 мектепте жастар арасында құқыққа бағынушылықты қалыптастыру мақсатында оқушылармен кездесулер өткізді.
Кездесу барысында прокурорлар оқушыларға қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілік туралы еске салып, әлеуметтік желілерде күмәнді контентті бақылаусыз пайдаланудың теріс салдарын және есірткінің зиянын түсіндірді.
Жалпы алғанда, 85 мыңнан астам оқушы маңызды ақпарат алды. Оқушыларға өміріне және денсаулығына қауіп төнген, буллингке ұшыраған және басқа да қауіпті жағдайларда көмек алу жолдары, сондай-ақ QR-кодтар арқылы жүгіну мүмкіндіктері ұсынылды.
«Саған көмек» жобасы аясында 400-ден астам өтініш келіп түсті, олардың нәтижесінде 49 оқушы профилактикалық есепке алынып, кәмелетке толмағандардың құқыққа қайшы әрекет жасауының 115 жағдайы алдын алынды.
Бұдан бөлек, прокурорлардың бастамасымен профилактикалық есепте тұрған балаларға ерекше назар аударылып, облыстың танымал спортшыларының қатысуымен спорттық іс-шаралар ұйымдастырылды.
Айта кету керек, прокуратура органдары жүзеге асырып жатқан жобалар нәтижесінде ағымдағы жылдың 9 айында өңірде кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс 14,3%-ға төмендеді.
Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, олардың құқықтарын қорғау және дені сау, заңға бағынатын қоғамды қалыптастыру мақсатында бұл жұмыс жалғасады.