Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы Сеңкібай және Жаңатұрмыс ауылында су қабылдау ғимараттары мен су құбыры желілерінің құрылысы аяқталды.
Бұл туралы Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.Ағымдағы жылдың сәуір айында құрылысы бастау алған Сеңкібай елді мекеніндегі ауызсу құбырының мердігері – «Фортис» ЖШС. Жалпы құны 341,6 мың теңгені құрайды. Салтанатты шара барысында аудан әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил жергілікті тұрғындарды айтулы оқиғамен құттықтады.
Таза ауызсу – денсаулықтың кепілі екені бәріңізге белгілі. Аудан бойынша сегіз елді мекенде осындай жұмыстар жүргізілді. Соның төртеуі ауызсу жүйесіне қосылып үлгерді десек, мұндай елді мекендер саны 24-ке жетіп отыр. Мырзатай ауылдық округіне салынған 500 миллион теңгенің 350 миллион теңгесі Сеңкібай ауылына тиесілі. Соның ішінде 341 млн теңге сумен жабдықтау жобасына бағытталды, қалған қаражат үш көшені жарықтандыруға жұмсалды, - деді Исмаил.
Өз кезегінде ауыл тұрғындары атынан ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Әлімбаев, ауыл ағасы Әуесхан Байгелов ретімен сөз алып, биылғы жылда ауылдық округтегі оң өзгерістерді атап шықты. Ауыл халқын ауызсумен жабдықтау жобасын сапалы жүзеге асырғаны үшін ел басшылығына және құрылысшыларға ризашылықтарын білдірді. Дәстүр бойынша қызыл таспа кесіліп, ауыл тұрғындарының үйлеріне таза су жіберілді.
Сондай-ақ бұл күні Жаңатұрмыс ауылындағы су қабылдау нысаны мен су құбыры желілері де іске қосылды. Осының нәтижесінде жұмыспен қамту мәселесі де шешілуде. Атап айтсақ, екі елді мекенде де жергілікті тұрғындар арасынан «Байзақ Су» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны арқылы 3 машинист және 1 бақылаушы тұрақты жұмысқа қабылданған.