Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Биыл Жамбыл облысындағы жалпы білім беретін 340 орта мектепті 8796 оқушы бітірді. Тараз қаласы бойынша 59 орта мектепті 2143 оқушы тәмамдаған. Ал дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Дарын» мектеп-интернатын 65 түлек бітіріп, 8-і «Алтын белгі», 15-і үздік аттестат алды. Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова айтты.
«Жалпы, биылғы түлектердің 317-сі «Алтын белгі», 242-сі үздік аттестат иегері атанды. Ал 70 жас дарын аттестаттарын қолдарына алмай жатып, терең білімдерінің арқасында жоғары оқу орындарының грантын жеңіп алды», - деді Рахия Сейітбекқызы.
Халықаралық және республикалық білім бәсекелерінде топ жарған түлектердің 9-ы Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев университетіне, 35-і Түркия, Қытай, Оңтүстік Корея, Польша және Ресей мемлекеттерінің, 26-сы республиканың жоғарғы оқу орындарына шақырту алған екен. Сондықтан да олар сынақсыз оқуға қабылданып, тегін білім алады.
Айта кетейік, мектепте қорытынды аттестаттау емтихандарын тапсырып, құжаттарын қолдарына алған жас түлектер енді 20 маусым күні басталатын Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық үстінде.
Ал Ұлттық бірыңғай тестілеу биыл 20 маусым мен 5 шілде аралығында өтеді деп жоспарлануда.