Жамбыл облысы. BAQ.KZ тілшісі. Жамбыл облысындағы 480 білім ошағының 369-ы орта мектептер санатына жатады. Оның 358-і күндізгі мемлекеттік мектеп болса, 3-еуі жекемншік, 4-еуі кешкі, 3-еуі арнайы мектеп, ал 1-еуі спорт мектеп-интернаты.
Бұл туралы өңірдегі әкімдікке қарасты білім басқармасының басшысы Бейқұт Жамангөзов мәлімдеді. Ол 365 мектеп қабырғасын биыл 11 762 түлек бітіріп шыққанын да айтты. 490 мектеп бітіруші «Алтын белгі» төсбелгісіне үміткер екен. Былтыр 485 түлек үміткер болған. 9-сыныпты 21 213 оқушы аяқтап отыр.
«Сонымен бірге Білім және ғылым министрлігінің осы жылғы 20 сәуірдегі бұйрығын орындап, білім сапасын жетілдіру, саладағы пандемиялық кезеңде орын алған кемшіліктердің түзеу мақсатында 1-8, 10-сынып оқушыларын 26 мамырдан бастап 17 маусымға дейін жазғы мектептерде оқыту сағаттары ұйымдастырылу үстінде. Бүгінде аймақта бұл шараға 102 869 бала қатысып жатыр. Айта кетерлігі, жазғы мектеп барысында үйге тапсырма берілмеуі тиіс. Мектептің кітапханасы ашық болады, цифрлық білім беру ресурстары қай кезде де қолжетімді күйде қалады», - деді спикер.
Оның айтуына қарағанда, қортынды аттестаттау шаралары 9, 11 сыныптардың оқушыларында 27 мамыр мен 10 маусымның аралығында жүргізіліп жатыр. 9 сыныпты бітіру емтихандары 4 пән негізінде, 11 сыныпты бітіру сынақтары 5 пән негізінде қабылдануда. Барлық емтихандар білім беру ошақтарында, яғни мектептердің базасында өтеді. Бітірушілердің мектепті аяқтау кештері 17 маусымға белгіленген. Ведомство тарапынан аудандық, Тараз қалалық білім бөлімдерінің басшыларына, барлық мектеп директорларына жалпы орта білім туралы аттестатты салтанатты тапсыру жиындарын білім ошағының ішінде ұйымдастырып, өткізу туралы тапсырма берілген.
«Биылғы ҰБТ электрондық үлгіде, компьютерлік тестпен «1 тестіленуші – 1 компьютер – 2 камера» қағидатымен өте бастады. Ұлттық бірыңғай тест сынағы 4 мәрте өтеді: қаңтар, наурыз, мамыр-шілде және тамыз айларының ішінде. Электронды үлгідегі ҰБТ-ға қатысу үшін онлайн режімде өтініш жазу қажет. Сол кезде талапкер тест өтетін күн мен уақытты өзі таңдайды. Мамыр-шілде айларындағы тестке қатысатындар мемлекеттік білім беру грантын иелену үшін конкурсқа қатысады. Өтінішті қабылдау 28 сәуірде басталды, 14 мамырда аяқталады. Бүгінде 1 1762 түлектің 8 842-сі, яғни 75,2 %-ы бұл маңызды білім науқанына тіркелді. Былтыр бұл көрсеткіш 72,5 % шамасында болған», - деп атап өтті Бейқұт Тілебалдыұлы.
Басқарма басшысының мәліметінше, ел аумағында ҰБТ 16 мамырда басталған, 5 шілдеге дейін жалғасады. Білім сынағының жаңа форматы мектеп бітірушілер үшін өте қолайлы. Себебі, түлектерге ҰБТ-ны екі рет тапсыруға мүмкіндік берілген. Екі тестілеудің қайсысынан талапкер жоғары балл жинаса, сол нәтижемен мемлекеттік грантқа үміткер ретінде конкурсқа қатысады.
«Дарынды оқушыларымыздың жан-жақты білім алуына, қабілеттерін дамытуға барынша қолдау көрсетіліп жатыр. Ондай жеткіншектерге арналған мектептер желісі кеңею үстінде. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақстан – дарынды жастар мекені. Ертең еліміздің абыройын асыратын да осы талантты ұл-қыздар. Біз олардың өрісін ашып, қарым-қабілетін шыңдау үшін бар мүмкіндікті жасауға тиіспіз» деген болатын. Оқушыларымыз халықаралық, республикалық пән олимпиадалары мен ғылыми жобалар жарысында жақсы нәтижелер көрсетуде. Жыл басынан бері халықаралық деңгейдегі – 41, республикалық деңгейдегі 139 медаль иеленді олар», - деді өңірдің бас педагогы.
Ағымдағы жылдың ақпан айында өткен республикалық ғылыми жобалар байқауында жамбылдық команда «Ең үздік команда» атағын тағы жеңіп алып, 13-жыл қатарынан бірінші орынды иеленген. «Мың бала» олимпиадасында соңғы 3 жылда 258 оқушы жүлдегер атанса, «Елбасы» медалі» жобасында 1 оқушы – алтын, 5 оқушы – күміс, 203 оқушы қола медаль еншіледі. Сондай-ақ, ауыл балалары арасында ұйымдастырылған «Айқанат» олимпиадасына да әулиеаталық білімпаздар белсенді түрде қатысуда.
«Біздің қосымша білім беру ұйымдарымыздың 737 білім алушысы халықаралық байқауларда, 2064-і республикалық байқауларда жеңімпаз атанды. «Talap» кәсіпқор холдингі ұйымдастырған колледждер рейтингісінің нәтижесінде Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжі «Музыка және театр өнері» бағыты бойынша бірінші орыннан көрінді. «Қазақстан колледждерінің ТОП 100 студенті» байқауында жамбылдық 3 студент жеңімпаз атанды. Арнаулы оқу орындарының материалдық-техникалық базасын жетілдіріп, сапалы білім беруге қол жеткізу мақсатында «Жас маман» жобасына қатысқан 8 колледж ақылы негізде қызмет көрсетіп жатыр. Олар 2 «Студент өнімі» дүкендері мен 2 ақылы қызмет көрсету орталығын ашты», - деді Бейқұт Жамангөзов.
Оның пайымынша, білім сапасы педагогтің кәсіби біліктілігіне тікелей байланысты. Ыбырай Алтынсарин: «Мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі» деп атап айтқан. Республикалық, халықаралық деңгейде өткен байқауларда 5 139 педагог жеңімпаз атанғаны ағартушының қанатты сөзін қуаттай түседі. Өңірде 38 мұғалім республикалық «Үздік педагог» байқауының жеңімпазы атанса, 2 ұстаз елімізде тұңғыш рет берілген «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағын иеленді.
«Өткен жылы облысымызда тұңғыш рет педагогтардың әлеуметтік мәртебесін көтеру мақсатында «Жамбыл облысының білім беру саласына сіңірген еңбегі үшін» деген құрметті атақ 5 педагогке берілді. Олардың әрқайсысына 875 мың теңге көлемінде сыйақының сертификаттары табыс етілді. Аймақта табысты мектептерді ынталандыру жұмыстары да жүйелі жолға қойылған. Мәселен, былтыр «Орта білім беретін үздік ұйым» конкурсында 34 млн теңгенің грантын Тараз қаласындағы Төле би атындағы No8 гимназиясы жеңіп алды», - деп атап өтті спикер.
Ол 2018 жылы өткен PISA халықаралық зерттеуінде Жамбыл облысының оқушылары «Математикалық сауаттылық» бағыты бойынша республикада топ жарғанын алға тартты. Осы көрсеткішті оқушыларымыз 2019 жылы өткен TIMSS халықаралық зерттеуінде тағы да дәлелдеп шыққан. 4, 8 сынып оқушылары республикада жоғарғы көрсеткішпен бірінші орынды иеленген.
«2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялаған Президентіміз дербес елімізде, азат республикамызда кейінгі буынға сапалы білім мен тәрбие беру, оларды жоғары деңгейде әлеуметтік қорғау жалпыхалықтық міндетіміз екенін шегелеп айтты. Осы орайда, балаларға арналған бірқатар игі істерді де жүзеге асырып үлгердік. Мысалы, жыл басында аутистік спектрі бұзылған жеткіншектерге арналған 300 орындық Аутизм орталығы ашылса, оқушыларды қосымша біліммен қамту мақсатында Шу ауданында 600 орындық Оқушылар сарайы ірге қалады. Ал жақында Тараз қаласында «Бақытты болашақ» оқушылар сарайы балалардың игілігіне берілді. Бұл мекемеде 7000-нан аса оқушы қосымша біліммен қамтылатын болады. Сонымен қатар, балалардың ғылыми-танымдық, шығармашылық қабілеттерін арттыру үшін «Планетарий», «Обсерватория», түрлі лабораториялар және негізгі білім беру бағдарламасына сәйкес қазіргі заманауи перспективалық технологияларды қолдана отырып, аэроквантум, ІТ-квантум, автоквантум, робоквантум, өндірістік дизайн және басқа да бағыттарда жұмыстар жүргізілуде», - деді басқарма басшысы.
Сондай-ақ, Бейқұт Тілебалдыұлы мүмкіндігі шектеулі балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу және ерте түзету көрсеткішіне сәйкес 50 мың балаға арналған педагогикалық-медициналық-психологиялық консультация ашу жоспарланып отырғанын жеткізді. Жыл соңына дейін заманауи 10 мектептің құрылысы аяқталады. Жамбыл облысындағы ерекше білім алуға қажеттілігі бар балаларға арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың 2022-2025 жылдарға арналған Жол картасы әзірленіп, бекітілген екен. Құжатқа сәйкес алдағы оқу жылында ақыл-ойы дамуында кемістігі бар балаларға арналған «Өркен» мектеп-интернатынан 10-сынып ашылады. Бұған дейін аталған мектепте балалар тек 9-сыныпқа дейін білім алған болатын.
«Осы жылы Т.Рысқұлов ауданынан инклюзивті қолдау кабинетін, Шу ауданынан ресурстық орталық және аудандық психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің бөлімшелерін ашу бағытында жүйелі жұмыстар қолға алынды. «Балалар жылы» аясында ағымдағы жылы қолданысқа берілетін тұрғын үйлердің 20 пайызы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға беріледі», - деді спикер.