Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жамбыл облысындағы апат құрбандарының бірі - әскери прокурор Арман Қапезов. Белгілі болғандай, ол өзінің туған күні қарсаңында ажал құшқан.
Полковник Қапезовтің қазасына байланысты әріптесі Абырой Халықұлы көңіл айтты.
Бүгін Оңтүстік аймақтың әскери прокуроры Қапезов Арман Қуанышұлының қайтыс болғаны туралы қайғылы хабар келді. Нағыз офицер әрі әке, дос еді, - деді ол.
Оның айтуынша, Арман Қапезов жарылыс болған сәтте-ақ бірден оқиға орнына жеткен, өкінішке қарай, апат кезінде қайтыс болған.
Арман Қапезов өзінің әрекеті арқылы Отан алдында борышын өтеген нағыз адал прокурордың, офицердің үлгісін көрсете білді, - деді Халықұлы.
Ол марқұмның балаларын қамқорлыққа алатынын айтты.
Ортамыздағы мұндай адал әріптестеріміз үшін жанымызды беруге дайынбыз. Біз әрі қарай борыштық қызметімізді жалғастырамыз. Қайтыс болған офицерлердің отбасына көңіл айтамын. Олар әрқашан есімізде болады. Сіздердің балаларыңызды өз қамқорлығымызға аламыз. Балаларға әке болу, жолдас болу - міндет, - деді ол.