29 қарашада "Самұрық-Қазына" қоры мен қытайлық SANY Renewable Energy компаниясының басшылары жел генераторларының бөлшектерін шығаратын зауыттың іргетасын қалады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жоба аясында жел электр станцияларына арналған гондолалар, күпшектер, мұнаралар және басқа да негізгі бөлшектерді шығаратын зауыт салу жоспарланған. Жобаның жалпы құны - 114 миллион АҚШ долларын құрайды. Зауытты 2025 жылы іске қосу жоспарланып отыр.
Біріншіден, 300-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады. Екіншіден, 114 миллион доллар тікелей шетелдік инвестиция тартылды. Жобаны жүзеге асыру үшін Қазақстанның даму институттарынан қосымша қарыз алынбайды. Үшіншіден, жергілікті өндіріс деңгейі артып, кемінде 30% болады. Бұл үшін SANY RE компаниясы қосымша R&D зерттеу орталығын ашуды жоспарлап отыр, - деді "Самұрық-Қазына" АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов.
Жоба Қазақстанда салынатын ЖЭС-ын қажетті бөлшектермен қамтамасыз етеді деп жоспарланған.
Сондай-ақ, Қазақстан 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуді көздейді. Ол үшін елдің жалпы энергетика саласында жаңартылатын энергия көздерінің үлесін арттыру жоспарланған.
Жалпы, "Самұрық-Қазына" қоры электр энергиясына өсіп келе жатқан сұранысты қанағаттандыру үшін серіктестермен бірлесіп 2030 жылға дейін шамамен 6 ГВт жаңартылатын энергия көздерін енгізуді жоспарлап отыр.
Sany Renewable Energy (Sany Group-тың еншілес компаниясы) – жел генераторларын шығаратын әлемдегі ірі компаниялардың бірі. Компанияның акциялары Шанхай қор биржасында саудаланады, ал 2024 жылдың қарашасындағы нарықтық капитализациясы 5,3 млрд долларды құрайды. SANY RE зауыты Бейжіңде Қытайдың Индустрия және ақпараттық технологиялар министрлігі тарапынан «Зияткерлік өндіріс саласындағы эталондық кәсіпорын» (Intellectual Manufacturing, 2021 жыл) ретінде танылды.
SANY Group — Қытайдың жоғары технологиялық жабдықтар өндіретін жетекші кәсіпорыны, 20-дан астам зерттеу және әзірлеу орталығы бар. Ол - арнайы техника өндіретін әлемдегі бесінші ірі ұйым.