Жамбылдағы тау бөктерінде адасып кеткен қария табылды

23 Сәуір 2019, 19:12
2580
Бөлісу:
Жамбылдағы тау бөктерінде адасып кеткен қария табылды

Тараз, BAQ.KZ тілшісі. Жамбыл облысы ішкі істер департаментінің қызметкерлері тау бөктеріне шығып, жоғалып кеткен егде жастағы әйел кісіні тауып алды.

Жамбыл облысы ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, алдымен Жамбыл аудандық полиция бөлімшесінің кезекшілігіне қоңырау түскен. Тараз қаласының тұрғыны Александр Анның өтініш-арызына сәйкес, оның сексен жас шамасындағы әжесі Вера Ким саңырауқұлақ теру мақсатымен тауға шығып, жоғалып кеткен. Қарт ананы балалары мен немерелері төрт сағат бойы іздеп, таба алмаған соң, полиция бөлімшесіне іздеуіне жүгінген.
«Осы өтініш-арыз негізінде Жамбыл аудандық полиция бөлімшесінің қызметкерлері жедел іздестіру іс-шараларын жүргізіп, нәтижесінде 80 жастағы қарияны аудан аумағындағы Күйік тауының бөктерінен тауып алды. Ол ешқандай қауіп-қатерге ұрынбаған, аман-есен туысқандары мен жақындарына табысталды», - делінген облыстық ІІД баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Айта кетейік, облыстық ішкі істер департаментінің мамандары тау бөктеріне шыққанда сақ болуды, табиғат аясына демалыс барысында қариялар мен балаларды қараусыз қалдырмауды ескертеді.

Өзгелердің жаңалығы