Жыл басынан бері, небәрі үш ай ішінде Жамбыл облысының 13 азаматы өз ұлтын ауыстыру үшін өтініш берген, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы Жамбыл облысының полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының бастығы Арман Тұрдалиев мәлімдеді.
Жалпы, облыста анықтама деректерін өзгерту үшін 528 адам өтініш білдірген.
Оның ішінде 501 азамат тегін ауыстырғысы келсе, 14-і туған күні мен жылын өзгертуді қалаған. 13-і тіпті, өзге ұлт өкілі атанғысы келген.
Сондай-ақ Арман Тұрдалиевтің айтуынша, Қазақстан Республикасының азаматтығына жеңілдетілген тәртіппен қабылданған – 542 адам, ҚР Президентінің Жарлығы бойынша қабылданған 54 адам құжаттандырылған.
Жалпы алғанда, облыс тұрғындарына 9 657 паспорт және 23 591 жеке куәлік беріліп, 4 295 азаматтың жоғалған құжаттары қайта қалпына келтірілген.
Көрсетілген уақыт аралығында облыс бойынша жеке басын куәландыратын құжаттар ресімдеу үшін 33 мың 139 электрондық өтінім жіберілген.