Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбыл облысында жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар 12 азық-түлік тауарының бағасы өскен. Бұл жөнінде облыс әкімінің орынбасары Берік Нығмашев әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Жиында Берік Нығмашев Жамбыл облысы пиязды үлкен көлемде өндіретін аймақ болғанымен пияз бағасы жыл басынан бері 62%-ға өскенін және бағаны тұрақтандыру мақсатындағы жұмыстардың өз деңгейінде жүргізілмегенін атап өтті.Өзім аралап жүріп Тараз қаласындағы "Смарт", "Дәмдес" сияқты ірі сауда орталықтары мен Абай көшесінің бойында және 13 шағын ауданында орналасқан әлеуметтік дүңгіршектерді аралап, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын зерделедім. Оның барысында тұрақтандыру қорының тауарлары сауда нүктелеріне толық көлемде жеткізілмейтініне, апта сайынғы мониторинг жұмыстарының өз деңгейінде жүргізілмейтініне көз жеткізіп, тиісті тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктелді, – деді Берік Нығмашев.Осы орайда Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жандос Жақыпов негізгі азық-түлік тауарлары бағасын тұрақтандыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Данияр Жаманқұлов, Тараз қаласы әкімінің орынбасары Қайсар Сарытай және Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан Несіпбеков азық-түлік тауарлары бағаларын тұрақтандыру бағытында қабылданған шаралар жөнінде баяндама жасады.
Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары Берік Нығмашев тиісті сала басшылары мен жауапты мамандарға Түркістан облысында ерте піскен көкөніс өнімдерін жеткізіп, сауда нүктелеріне сатылымға шығару үшін әр ауданнан кем дегенде 5 ірі сауда орнын анықтауды жүктеді.
Сондай-ақ әр ауданда аудан әкімі орынбасарларының төрағалығымен азық-түлік бағаларына мониторинг жүргізетін арнайы топ құруды, әлеуметтік дүкендер мен сауда қатарларының санын ұлғайтуды және сақтауда тұрған қоры жеткілікті тауарларды, әсіресе, нан, ұн, қант, күнбағыс май, қарақұмық жармасын тұрақты түрде негізгі сауда орындарына өткеру мен жеткізіп беру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
Айта кетейік, өткен жылы азық-түлік бағаларын тұрақтандыру мақсатында Тараз қаласындағы супермаркеттер мен әлеуметтік дүңгіршектерде арнайы тұрақтандыру қорының сауда сөрелері ашылып, онда әлеуметтік маңызы бар тауарлардың төмен бағада сатылуы қолға алынған болатын.