Бүгінгі таңда денсаулық сақтау саласында «Дені сау ұлт» жобасы аясында қыруар жұмыстар атқарылып жатыр. Бұл 2025 жылға дейін медицинаны еліміздің әрбір азаматына сапалы әрі қолжетімді етуді көздейді, деп хабарлайды Жамбыл облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспанова айтты. Ол өңірде 388 денсаулық сақтау нысаны тұрғындарға қалтқысыз қызмет көрсететінін де атап өтті. Бұлардың 26-сы аурухана болса, 6-ауы қалалық емхана екен. Өңірде 10 орталық аудандық, 5 ауылдық емхана бар. Дәрігерлік амулаториялардың саны – 122 фельдшерлік амбулаториялардың саны – 53, оған қоса 158 медициналық пункт ауыл тұрғындарын қабылдайды. 2 сауықтыру-демалыс санаторийі мен өзге де 6 емдеу нысаны есепке алынған.
Жамбыл халқын денсаулық сақтау қызметтерімен кеңінен қамтамасыз ету мақсатында бірқатар шаруаларды атқардық деп айта аламын. Мәселен, аймақта биыл 11 жылжымалы медициналық кешен жұмыс істеп жатыр. Оның 3-еуі мамандандырылған КаМАЗ көліктері болса, 8-і – осы іспетті автобустар. Біз осы медициналық көліктерімізбен өңірдегі 322 ауыл-елді мекенді қамтуды жоспарласақ, жыл басынан бері 281-ін аралап үлгердік. Яғни, 87 %-ын қамтыдық. Енді қалғанын аралап шығатын боламыз. ал мұның азаматтарымызға орасан зор пайдасы тиіп жатқанын айтуға тиіспін, - деді жауапты маман.
Оның мәліметтеріне қарағанда, медициналық қызметпен қамтылған ауылдар мен елдімекендерде жылжымалы кешеннің көмегіне барлығы 214 967 тұрғын жүгінген. Мұның ішінде 59 133 бала дәрігерлерге қаралған.
Жанар Мықтыбекқызы жыл басынан бері Жамбыл облысының тұрғындарына 51 639 диагностикалық зерттеу жүргізілгенін мәлімдеді. Сондай-ақ 16 277 зертханалық тексеру жасалған, бейінді мамандар 245 614 азаматқа кеңес беріпті. Бұл сандардың әрқайсысы өткен жылғы көрсеткіштерден екі-үш еседей көп. Демек, халықтың медициналық ұйымдарға сенімі артып келеді, заманауи технология қолданысқа кеңінен еніп жатыр.
Дәрігерлеріміз тұрғындарды тексеру барысында 10 822 науқас анықталып, есепке алынды. Былтыр бұл көрсеткіш 4 274 қана еді. Биыл белгілі болған сырқат жандардың 6 927-сі Медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету ұйымына тіркелген, мұның ішінде 2 111 бала бар. Тағы да айта кетерлігі, жоғарыда сөз болған 11 жылжымалы медициналық кешеннің бүгінде 10-ы жарамды күйінде халыққа қызметтерін жалғастырып жатыр. Тек бір КаМАЗ-ымыздың тозығы жетті, - деді басқарма басшысы.
Жанар Оспанова аймақтағы денсаулық сақтау ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту шараларына да тоқталды. Бұл бағытта ағымдағы жылы жергілікті қазынадан 2,2 миллиард теңге қаражат қаралып, 144 медициналық құрал-жабдық сатып алынған. Оның ішінде 20 экстрокорпаралды мембранды оксигенация аппараты, 40 көп функциональды кереует, 3 анестезияға арналған тыныс алу аппараты, 4 цифрлық рентген, 1 компьютерлік томография, 1 ЛОР операцияға арналған бейнекешен, 4 ашық неонаталды реанимация жүйесі, 1 эксперттік кластағы УДЗ аппараты және басқа да заманауи қондырғылар бар.
Бұдан бөлек, республикалық бюджеттен 2,0 миллиард теңге шамасында қаржы бөлініп, 1 «Сызықты үдеткіш» сатып алдық. Осындай игі істердің арқасында Жамбыл облысындағы медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасы жаңарып, жалпы қамтылуы 88,5 %-ға жетті. Десе де өткен жылғыдан 0,3 %-ға төмендеп тұр. Бұл олқылықты келесі жылы қалпына келтіреміз деген ойдамын. Өйткені, әр күніміз, сәтіміз қыруар шаруаға толы. Жұмыс атқарылған жерде нәтиже болады, - деп атап өтті спикер.
Ол сонымен бірге, инфрақұрылымды дамытудың маңызы зор екенін алға тартты. Жыл басынан салада жалпы сомасы 9,1 миллиард теңгені болатын 24 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мұның 7-уі өткен жылы басталған. Осы жылдың соңына дейін 23 медициналық мекеменің ғимараты пайдалануға берілмек. аяқталуы жоспарлануда. Тек бір нысан – Меркі аудандық орталық ауруханасының гинекология, жұқпалы аурулар, балалар және қабылдау бөлімдерін қамтитын ғимараттың құрылысы келесі жылға да созылады.
Егер тарқатып айтатын болсам, 19 дәрігерлік амбулаторияның құрылысы «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында басталған. Шу қалалық емханасының ғимаратын қайта жаңғыртып жатырмыз. Байзақ ауданындағы Сарыкемер ауылында орын тепкен 250 келушіге арналған емхананың, Шу ауданының Төле би ауылында орын тепкен 48 орынға арналған балаларды оңалту орталығының құрылыстары қызу жүргізіліп жатыр. Барлығы жеке өзімнің бақылауымда. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен тағы 8 мекемемізді күрделі жөндеуден өткізудеміз. Оларға жалпы сомасы 496 миллион теңге қаралған, - деді Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы.
Жанар Мықтыбекқызы келесі жылдан бастап 2025 жылға дейін 54 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жүргізілетінін мәлімдеді. Олардың жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Ал жалпы құны әзірге белгісіз. Биылдыққа 6 медициналық ғимараттың жобалық-сметалық құжаттары дайындалған. Қосымша облыстық 18 нысанның осындай құжаттарын әзірлеу үшін 228,3 млн теңгеге бюджеттік өтінім берілген екен.
Қазір құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан Сарысу ауданындағы Тоғызкент ауылында орын тепкен, бір ауысымда 30 адамды қабылдап үлгеретін дәрігерлік амбулатория мен Жамбыл ауданындағы Қаракемер ауылында орын тепкен 25 адамға арналған дәрігерлік амбулатория жақын арада елдің игілігіне ұсынылады. Олардағы шаруалардың 90 %-ы бітіп қойды. Әне-міне, тұрғындардың игілігіне береміз. Сонымен бірге жақында ғана Тараз қаласында қазіргі заманның барлық талаптарына жауап беруге қауқарлы облыстық көпбейінді онкология және хирургия орталығын аштық. Оның іргетасы 2018 жылы басталған болатын. Төрт жыл бойы соғылған ғимаратқа барлығы 14,1 миллиард теңге жұмсалды, - деді жауапты маман.
Спикер BAQ.KZ тілшісімен әңгімесінде өңірдегі негізгі әлеуметтік-демографиялық көрсеткіштерге тоқталды. Белгілі болғандай, Жамбыл облысында табиғи өсім көрсеткіші 16 %-ға төмендеген, ал есесіне туу көрсеткіші 7,6%-ға біршама көтерілген. Биыл – 5 880, былтыр – 5 791, 2020 жылы 5 247 бала диспансерлік есепке алыныпты. Мүгедектіктің алдын алу, оларды оңалтудан өткізу, сырқаттанушылық пен мүгедектікті ерте анықтау, ерекше қажеттіліктері бар жандарға көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатындағы жұмыстарды кеңейту үздіксіз жүргізіліп жатыр.
Мәселен, Жамбыл облыстық көп бейінді балалар ауруханасының базасындағы «Қамқорлық» оңалту орталығы неврология, нейрохирургия, ортопедия, травматология бейіндері бойынша бірқатар шараларды қолға алған. Нәтижесінде, аймағымызда сал ауруы және тірек-қимыл қозғалысы ақаулары бар жеткіншектерді сауықтыру және емдеу мүмкіндіктері артты. Бұл орталық жыл сайын 1 800-ге тарта жасөспірімді қабылдауға әзір. Жыл басынан бері 1 624 балаға оңалту емін жүргізді. Сондай-ақ облыстық көп бейінді ауруханада ерте араласу орталығын ашуды жоспарлағанбыз. Онда 3 жасқа дейінгі балалардың дамуындағы ауытқулар ерте бастан анықталатын болады әрі кешенді оңалтуға көмек көрсетіледі. Ал бұл жеткіншектердің мүгедектігін азайтады, - деді Жанар Оспанова.
Оның мәліметінше, өңірде ағымдағы жылы мүмкіндігі шектеулі балаларды медициналық оңалтумен қамту көрсеткіші 42,2 %-ды құрап отыр. Ал былтыр бұл уақытта 33,3 % ғана болатын.
Спикер «Primary Health Care» ұлттық қауымдастығымен жасалған ынтымақтастық туралы меморандум аясында 3 үздік тәжірибе орталығы – №5 Тараз қалалық емханасы, Жамбыл және Меркі аудандарындағы медициналық мекемелер құрылғанын жеткізді. Тағы бір сүйіншілі хабар, Жамбыл облысы әкімдігі алдағы уақытта тұрғындарына сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек көрсету, әлеуметтік-экономикалық ахуалды жақсарту мақсатында «Саламатты қалалар, өңірлер» жобасын енгізбек.
Біз енді 3 аудандық орталық аурухананы ауданаралық көпбейінді ауруханаға жаңғырту жұмыстарын бастамақпыз. Олар – Шу қалалық ауруханасы, Мерке және Талас аудандық ауруханалары. Үш аймақта да тұрғындар жиілігі басым. Оларда инсульт орталықтары, хирургия, реанимация және оңалту бөлімдері ашылады әрі заманауи технологиямен қамтылады. Бұл 340 мыңнан астам азаматқа медициналық қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Тағы айта кетерлігі, телемедицина орталығы барлық аудандық орталық ауруханаларда ашылған. Олар облыс орталығындағы және Астана мен Алматы қалаларындағы ғылыми зерттеу институттарымен тәулік бойы байланыста болады. Сонымен қатар телесеанстар өткізеді, - деді жауапты маман.
Жанар Мықтыбекқызы, басқарманың алға қойған жоспарлары мен міндеттерін де атап өтті. Бұл орайда, ең алдымен медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға баса назар аударылады. «Primary Health Care» ұлттық қауымдастығымен жасалған ынтымақтастық туралы меморандум аясында Қордай, Т.Рысқұлов, Талас аудандарындағы орталық ауруханалар мен Шу қалалық емханасында үздік тәжірибе орталықтары ашылады.
«Ауыл – ел бесігі» жобасы өңірдегі медицина саласына көп көмегін тигізді. Өйткені, келесі жылы тағы 8 нысанды – Отар, Сеңкібай, Бірлік, Қызылқайнар, Оразалы батыр, Айша бибі, Андас батыр ауылдарындағы ауруханалар мен емханаларды күрделі жөндеуден өткізетін боламыз. Биыл 2 денсаулық сақтау мекемемізді жаңартып алғанымыз тағы бар. жақын болашақта «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық жобасы аясында 30 шақты жаңа үлгідегі медициналық нысанның құрылысын бастаймыз, - деді спикер.