Астана, BAQ.KZ. Жамбыл облысында денсаулық сақтау саласында өткен жылы барлығы 39 нысан пайдалануға берілді. Бұл жөнінде облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың төрағалығымен өткен жиында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов мәлімдеді.
"Облыс бойынша барлығы 396 медициналық мекеме бар. Оның 30 - аурухана, 356 - амбулаториялық емхана. 2018 жылы саланың бюджеті 55,4 миллиард теңгені құраса, ағымдағы жылы 56494,2 миллион теңге бөлінген", - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов.Оның айтуынша, өткен жылы өңір тұрғындарының орташа өмір сүру ұзақтығы 72,43 жасты құраса, жалпы өлім-жітім коэффиценті 5,6-ға тұрақтаған.
"Сондай-ақ, 2 ана өлімі, 154 бір жасқа дейінгі нәресте өлімі тіркелген. Басқармаға қатысты 3 нысаналы индикатор және 36 нәтижелі көрсеткіш бар, оның 4-і орындалмаған. 2018 жылы барлығы 39 нысан пайдалануға берілді. Оның ішінде 29 мемлекеттік жекешелік әріптестік аясында, 9 жергілікті бюджет есебінен, 1 сатып алынды. 6 денсаулық сақтау нысандарын күрделі жөндеуден өткізілген", - деді басқарма басшысы.
Есепті жиында денсаулық саласындағы кадр тапшылығы, жас мамандарды қолдау мәселелері, медициналық қызметтің сапасын арттыру, мекемелердің жүктемесін реттеу секілді бірқатар мәселелер көтеріліп, талқыланды.
Айта кету керек, өткен жылы өңір басшысының қатысуымен өткен кеңесте басқармаға берілген 23 хаттамалық тапсырманың 10-ы орындалмаған. Жеке тұлғалардан 175 арыз -шағым түссе, ол бойынша 28 қызметкер жауапкершілікке тартылып, 2 бас дәрігер жұмысынан босатылған.