Жамбыл облысының тұрғыны бейтаныс әйелді смартфонмен ұрып, бассүйегін сындырды

Смартфонмен бастан ұрған әйел сотталды.

 pixabay Бүгiн 2026, 10:27
Бүгiн 2026, 10:27
172
Фото: pixabay

Жамбыл облысында әйел жәбірленушіні смартфонымен ұрып, оның бассүйегін сындырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Жамбыл облысының Сарысу аудандық сотында денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтірді деп айыпталған әйелге қатысты қылмыстық іс қаралды.

Сот мәліметінше, оқиға 2025 жылдың қазан айында Жанатас қаласындағы монша ғимаратының алдында болған. Сотталушы мен жәбірленушінің арасында сөз таласы туындап, жанжал барысында әйел адам екіншісінің басынан қолындағы смартфонымен ұрған.

Сараптама қорытындысына сәйкес, жәбірленуші ми шайқалуы, бірінші дәрежелі контузия, сондай-ақ бассүйектің сынуы түріндегі жабық бас-ми жарақатын алған. Бұл жарақаттар адам өміріне қауіпті, денсаулыққа келтірілген ауыр зиян санатына жатады, – деп атап өтті сотта.

Сонымен қатар, әйелдің кінәсі тараптардың айғақтарымен толық дәлелденді. Сотталушы өз кінәсін мойындап, істеген ісіне өкінетінін айтты және жәбірленушіден кешірім сұрады.

Нәтижесінде сот айыпталушыны кінәлі деп танып, оған төрт жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Алайда, сотталушының асырауында жас баласы болуына байланысты жазаны орындау бес жылға шегерілді.

Үкім заңды күшіне енді.

Еске салайық, бұған дейін әйелін ұрды деп айыпталған Рахат Тұрлыхановтың ісінде жаңа дерек пайда болғаны хабарланды. 

Наверх