Жамбыл облысының азық-түлік бағасын реттеу тәжірибесі өзгелерге үлгі ретінде ұсынылды

7 Желтоқсан 2021, 13:15
1138
Бөлісу:
Жамбыл облысының азық-түлік бағасын реттеу тәжірибесі өзгелерге үлгі ретінде ұсынылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жамбыл облысының барлық ауданы мен Тараз қаласында 32 әлеуметтік павильон ашылған. Оларда 19 атаулы өнім нарықтағыдан айтарлықтай төмен бағамен сатылып жатыр.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев айтты.

Жыл басынан бері павильондарда жалпы сомасы 22,2 миллион теңгенің 3,9 мың тонна өнімі саудаланды.

«Айналым сызбасы» бойынша да нәтижелі жұмыстар жүзеге асуда: 4,9 мың тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік, 6,5 миллион дана жұмыртқа сатылған. Тұрақтандыру қоры арқылы 577,9 млн теңгенің 4,5 мың тонна өнімі өткерілді. Жыл басынан бері 54 жәрмеңке өтіп, онда жамбылдықтарға төмен бағада 1,5 мың тонна ауылшаруашылық өнімдері сатылды. 621 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші мен 550 сауда желілері арасында өзара ынтымақтастық туралы 1171 меморандумға қол қойылды, - деді ол.

Естеріңізге салайық, жуырда ғана Премьер-министр Асқар Мамин Жамбыл облысының әлеуметтік азық-түлік өнімдерінің бағасын реттеу бойынша тәжірибесін басқа облыстарға үлгі ретінде ұсынған болатын.

Әлемдік экономикалық дағдарыс пен пандемияны ескере отырып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және азық-түлік өнімдерінің импортын алмастыру мақсатында агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға ерекше назар аударылуда, - деді Бердібек Сапарбаев.

Сапарбаевтың мәлімдеуіше, облыста егістік алқабы 30 мың гектарға ұлғайып, 752 мың гактарға жетті, 112,1 мың гектар пайдаланусыз жатқан жер мемлекет меншігіне қайтарылған. Тағы 82 мың гектарды қайтару жоспарлануда. 41 мың гектар суармалы жер қалпына келтіріліп, жалпы көлемі 179,8 мың гектарды құрап отыр.

Облыс басшысының сөзінше, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мақсатында 2021 жылдан бастап 2025 жылға дейін жалпы 350,4 млрд теңге болатын 50 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Ол бойынша 3,6 мың жұмыс орны құрылады.

Өзгелердің жаңалығы