Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Астана қаласындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында брифинг өткізіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы есеп берді деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ербол Қарашөкеев мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауларында белгіленген ауқымды реформаларды іске асыру бойынша облыста жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.
2024 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша экономиканың өсуі 4,5 пайызды құрады. Оң динамика өнеркәсіп (0,8%), құрылыс (22,6%), тұрғын үй (3,5%), сауда (2,5%), көлік (13,6%) және байланыс (8,8%) салаларында байқалады.
Жыл басынан бері Жамбыл химия өнеркәсібі 212 млрд. теңгенің өнімін өндіріп, облыс экспортының 77 пайыздан астамын қамтамасыз етті, ал еліміздің химия өндірісіндегі оның үлесі 24 пайызға жуықтады.
Айта кету керек, Қазақстан бойынша фосфордың 100, минералды тыңайтқыштардың 81, гипстің 87 пайызы Жамбыл облысындағы өндіріс ошақтарынан шығарылады.
Жыл басынан бері облыс экономикасына 370,5 млрд. теңге инвестиция тартылды. Инвестициялық қоржында 6,5 мың жаңа жұмыс орнын құруды көздейтін 3,3 трлн. теңгенің 80 жобасы бар, оның он тоғызы (2,8 трлн. теңге) шетелдік инвестордың қатысуымен жүзеге асады. Атап айтқанда, ірі серіктестердің қатарында Qazaq Soda (кальцилендірілген сода), EuroChem (минералды тыңайтқыштар), Knauf (гипсокартон), Shagala mining (мыс өндірісі) бар.
Биыл 149,7 млрд. теңгеге 21 кәсіпорын іске қосылып, 700 жұмыс орны ашылды. Жобаларды іске асыру барысында заманауи инновациялық технологияларды енгізуге және жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға басымдық берілді.
Халықты жұмыспен қамту – негізгі басымдықтың бірі. Мемлекет басшысының "10 мың халыққа 100 жаңа жұмыс орнын құру" жөніндегі тапсырмасына сәйкес кәсіпкерлік бастамаларды қолдау есебінен 10 мыңнан астам жұмыс орны құрылды (жоспар - 8,8 мың). Бұдан бөлек, өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында облыста 60 мыңнан астам жұмыс орны ашылды, оның 42 мыңы - тұрақты, - деді әкім.