Жамбыл облысындағы сайлау барысын 12 шетелдік бақылауда

9 Маусым 2019, 10:08
1871
Бөлісу:
Жамбыл облысындағы сайлау барысын 12 шетелдік бақылауда

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде өтіп жатқан бүгінгі Қазақстан президентін сайлау барысын бақылау үшін Жамбыл облысына өзге мемлекеттерден 12 азамат келген. Олардың 8-і Қырғыз елінен болса, 3-уі Ресей Федерациясының Ленинград облысынан, 1-уі Түркия Республикасынан.

Қонақтар арнайы көліктермен қамтамасыз етіліп, барлық аудандарға бөлінді. Тараз қаласындағы сайлаушылардың дауыс беруін түркиялық бақылаушы жіті қадағалауда.

«Халықаралық бақылаушылармен арнайы жүздесіп, білулері тиіс мәліметтермен қанықтырдық. Саяси жағынан өте сауатты шетелдіктер өңіріміздің әр аймағында жұмыстарын алаңсыз атқаруда», - дейді Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов.

Қырғыз Республикасынан келген бақылаушы Алмат Асаналиевтің айтуынша, Қазақстандағы президент сайлауына дайындық шаралары жоғары деңгейде ұйымдастырылған.

«Қазақ ағайындардың саяси науқанға әзірлігіне оң баға беремін. Барлығы демократиялық заң талаптарына сай орындалған. Сайлаушылардың бүгінгі дауыс беру барысында да ешқандай жөнсіздікті аңғармадым. Мен бақылаушы ретінде келген Байзақ ауданының азаматтарының белсенділіктерін де атап өткенім жөн», - дейді Алмат Асаналиев.

Айта кетейік, өңірде 484 сайлау учаскесі сайлаушыларды қабылдауда. Оларда 716 мыңнан астам тұрғын дауыс беруі керек.

Өзгелердің жаңалығы