Жамбыл облысындағы резиденция оқу-сауықтыру орталығына айналды

3 Тамыз 2023, 06:10
576
Бөлісу:
Жамбыл облысындағы резиденция оқу-сауықтыру орталығына айналды
Фото: Жамбыл облысының әкімдігі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 5 өңірдегі президент резиденциясын балалардың игілігіне беруді тапсырған еді. Бүгін алғаш болып Жамбыл облысындағы резиденция оқу-сауықтыру орталығы болып қайта ашылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Мұнда оқушылар жыл бойы демалып, шығармашылықпен айналысуға мүмкіндік алды. Аумағы 10 гектар болатын «Мөлдір бұлақ» орталығы енді балалардың игілігіне қызмет етеді. Оқу-сауықтыру кешені 50 балаға арналған. Мұнда 5 пен 9-сынып оқушылары жыл бойы білім алады және сауықтыру шараларынан өтеді. Мекемеде жеткіншектерді интеллектуалдық тұрғыда дамытуға баса көңіл бөлінеді. Материалдық техникалық базасы да соған сай қайта жабдықталды.

Жөндеу жұмыстары бар, сонымен қатар оқу құрал-жабдықтары бар. Заманауи тұрғыдағы құралдар бар. Солардың барлығына жалпы бюджеттің есебінен 610 млн теңге көлемінде қаржы бөлінді. Алдағы уақытта мүмкіндіктерге сәйкес жергілікті бюджеттің есебінен ұлғайту мәселесі, жалпы аясын кеңейту мәселесі қаралатын болады, - дейді облыс әкімі аппаратының басшысы Мәди Мәтен.

Орталықта жылына 1000-ға жуық жеткіншек демалады. Оқу озаттары мен дарынды және мүмкіндігі шектеулі оқушылар, сонымен қоса әлеуметтік осал отбасының балалары да қамтылады.

Қыркүйек айынан бастап оқушыларымыз 20 күн жатып демалатын болады. 20 күннің ішінде біз оқу бағдарламасын үзбей балаларға жүргізіп отыратын боламыз. Оқу панальдерімен жабдықталған. Бұл панельдер соңғы үлгідегі барлық жүйені тартады. Интернет 100% қамтылған. Мекемеде 10 түрлі үйірме бар. Оның жартысы ұлттық тәлім-тәрбие беру бағытында жұмыс істейді. Кешен қазір балалардың алғашқы легін қабылдады, - дейді облыстық «Мөлдір бұлақ» оқу-сауықтыру орталығының директоры Салтанат Құрманова.

Оқу-сауықтыру орталығында коворкинг және гольф орталықтары бар. Спорт алаңдары мен шағын саябақ та балалар игілігіне берілді.

Өзгелердің жаңалығы