Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Жамбыл облысында баламалы қуат көзін өндіретін тағы бір нысанның құрылысы басталмақ. Желден электр энергиясын өндіретін стансаның іргесін «Жаңатас жел электр стансасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен «China Power International Holding» компаниясы қалайтын болады.
«Инвесторлар Сарысу ауданы аумағындағы Түркістан ауылдық округінен жаңғырмалы қуат көзін өндіретін стансаның құрылысын салуды жоспарлап отыр. Жоба 100 МВт электр энергиясын өндіруге қауқарлы болады деп күтілуде. Жел электр стансасы егер сәтті жүзеге асып жатса, 2020 жылдың ақпан айында іске қосылу керек», - дейді Сарысу ауданының әкімі Қанатбек Мәдібек.
Мамандардың айтуынша, әзірге жаңа жобаның электр қуатын бөлу кестесі әзірленіп, «КЕГОК» акционерлік қоғамының келісімі алынған.
Қазіргі таңда станса құрылысын жүргізуші бас мердігер компания ретінде анықталған Қытай Халық Республикасының «China Power International Holding» компаниясының жұмысшылары құрылыс алаңында дайындық және жобалау жұмыстарын жүргізуде. Жұмысшыларға қажетті контейнерлер қойылып, техникалар жұмылдырылған.
Айта кетейік, осы уақытқа дейін Жамбыл облысында жаңғырмалы жел электр стансасының құрылысы басталғандығын хабарлаған болатынбыз.