Жамбыл облысы, Меркі ауданының таулы өңірінде жаңа шекаралық бекет ашылды. «Қасқасу» деп аталатын нысан мемлекеттік шекара күзетінің жаңа деңгейін көрсетіп қана қоймай, сарбаздардың қызметі мен тұрмысына қолайлы жағдай жасайды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ашылу салтанатында лентаны қиып, жаңа нысанды ресми пайдалануға берген Меркі ауданы бойынша шекара басқармасының бастығы полковник Тимур Медетов мемлекет тарапынан шекара қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті. Ол сарбаздарға адал қызмет пен қажыр-қайрат тіледі.
Заманауи талаптарға толық сай тұрғызылған бекетте жарық әрі жылы жатын бөлмелер, асхана, тұрмыстық жайлар, бейнебақылау жүйелері және байланыс құралдары бар. Бұл жағдай сарбаздардың үздіксіз кезекшілігін тиімді жүргізуге мүмкіндік береді.
Нысан «Андас батыр» шекара бөлімшесінің қарамағына берілді. Бөлімше бастығы капитан Сырым Матай бекеттің ашылуын «жаңа деңгейге қадам» деп бағалап, ол шекарашы сарбаздардың жауынгерлік рухын көтеретініне сенім білдірді.
Ашылу рәсіміне шекара басқармасының жеке құрамы, аудандық әкімдік өкілдері және жергілікті тұрғындар қатысып, бұл сәттің тарихи маңызымен бөлісті. Жаңа бекет аймақ халқының тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етпек.
«Қасқасу» – тек қызметтік нысан ғана емес, ел қорғаудағы адалдық пен жауапкершіліктің символы. Таулы қыратта желбіреген көк Тудың астында қызмет ететін сарбаздар үшін ол қасиетті мекенге айналмақ.