Жамбыл облысы Байзақ ауданы Мырзатай ауылдық округіне қарасты Сеңкібай ауылындағы 130-дай отбасында 800-ге жуық тұрғын бар, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Кейінгі жылдары ауылға сырттан келушілер көбейді. Ауылда халық көбейген сайын мектеп оқушыларының саны да артады.
Бұған дейін ауылдағы «Еңбек» бастауыш мектебінде даярлық тобын қоса есептегенде 94 бала оқып, білім алған. Алайда аталған ауылдың 5-11 сыныптардағы жүзден аса оқушысы көршілес Мырзатай ауылындағы Мырзатай орта мектебіне қатынап келген. Мәселені шешу үшін былтыр ауылда мектеп салына бастады.
Жалпы сметалық құны 522,8 млн, ал келісімшарт бойынша құны 496,7 млн теңгеге 100 орындық екі қабатты шағын мектеп салынды. Биыл мектеп алғашқы оқушыларын қабылдауға дайын.
Бұл мектеп ауыл халқының сұранысына орай орта мектеп ретінде ашылғалы отыр. Себебі ауылдағы мектеп оқушыларының саны күн өткен сайын көбеюде. Оның үстіне оқушыларды бұрынғыдай көрші ауылға тасымалдамаймыз. Бүгінде мектеп құрылысы толықтай бітті, – дейді Мырзатай ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Асхат Оспаналиев.
Мектептің сырты әдемі қоршалған, алдына гүлзарлар жасалыпты. Төңірегіне электр жарықтары қойылып, сыртқа спорт алаңы соғылған. Жылыту қазандығы газға қосылған. Ішкі бөлмелерді аралап көргенімізде әлі парта, тақта, шкаф тағы басқа да оқу құралдары жеткізілмегенін көрдік.
Орта мектептің тиісті құжаттары мектеп құрылысы қабылданып алынғаннан кейін осы аптада дайын болуы керек. Сондай-ақ, мектепке қажетті оқу құралдары, басқада қажетті заттар шешіліп қойылған. Оларды алдағы 2-3 күнде әкеліп, орналастырамыз. Басқа да кем кетіктер жасалынып жатыр, – деді аудандық білім бөлімінің әдіскері Ғазиз Рысқұлбеков.
Жазғы еңбек демалысынан шыққан бастауыш сыныптың мұғалімдері мен шаруашылық қызметкерлері мектептің іші-сыртына тазалық жұмыстарын жүргізіп, жаңа мектепте жұмыс жасауға асығып жүр. Алайда, орта мектептің құжаттары ертерек заңдастырылып, ішкі құрал-жабдықтарды орналастыру жеделдетілуі керек.