Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбыл облысында 4 жігіт қызды ұрлағаны үшін 7 жылға бас бостандығынан айырылды, ал автокөлік қылмыс құралы ретінде мемлекет кірісіне алынды.Бұл туралы Жамбыл облысы прокуратурасы хабарлады.
«Қордай аудандық сотының үкімімен Түркістан облысының төрт тұрғыны қызды ұрлағаны үшін 7 жылға бас бостандығынан айырылды, ал автокөлік қылмыс құралы ретінде тәркіленіп, мемлекет кірісіне алынды», - делінген хабарламада.
Прокуратурадан хабарлағандай, оқиға 2018 жылдың күзінде жігіттің Жамбыл облысы Қордай ауданында тұратын қызбен танысуынан басталған.
Жастардың әлеуметтік желілер арқылы қысқа қарым-қатынасы кезінде жігітте қызды алып қашу туралы ой пайда болған. Ұзақ ойланбастан, жігіт үйлену мақсатында өзінің үш танысымен келісіп, Қордай ауданына автокөлікпен келді.
Келген соң, ұялы телефонға қоңырау шалып, қызға кездесуді ұсынды, бірақ ол бас тартты. Алып қашу ойын қалдырмай, жастар қыздың үй жағында күтіп, оны көшеде қарсы алды.
Қыздың қарсылық көрсетіп, бас тартуына қарамастан, олар оны көлікке күштеп салып, Түркістан облысына жол тартады. Алайда, полиция қызметкерлерімен Тараз қаласының шыға берісінде ұсталады.
Егер бұрын қалыңдықтың ұрлануы қазақ дәстүрінде болса, қазіргі заман талабы бойынша ол қылмыс болып табылады.
«Осыған байланысты облыс прокуратурасы жігіттердің қызды алып қашуы сияқты ойланбай істеген іс-әрекеттері үшін он бес жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жазаға тартылып, ауыр зардаптарға ұшырауы мүмкін екендігін түсіндіреді», - делінген таратылған ақпаратта.
Бұл ретте, ұрланған адамды өз еркімен босатқан адам, егер оның әрекеттерінде өзге қылмыс құрамы болмаса, қылмыстық жауаптылықтан босатылады.