Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Жамбыл облысында ұрланған бір үйір жылқы GPS арқылы анықталды

Бөлісу:
 gov.kz
VIDEO
Фото: gov.kz

Жамбыл облысында ұрланған 11 бас жылқы GPS арқылы табылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Жуалы ауданы полиция бөліміне кешкі уақытта мал иесінен аудан аумағындағы шаруа қожалықтарының біріндегі жайылымнан жылқы малдарының жоғалғаны туралы хабарлама түскен. 

Мал иесі жылқыларға алдын ала орнатылған GPS бақылау құрылғысы арқылы олардың белгісіз бағытқа қарай қозғалып бара жатқанын байқап, дереу 102 нөміріне хабар берген.

Полициядан хабарлағандай, аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің алдын ала сөз байласуы арқылы адамдар тобы болып, ірі мөлшерде бөтеннің малын жасырын жымқыру бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру ісі басталды. 

Хабарлама түскен сәттен бастап аудандық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шараларына кірісіп, GPS деректері негізінде күдіктілердің бағытын анықтап, із кесу жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде ұрланған жылқылардың көрші ауыл аумағында жасырылғаны белгілі болып, 11 бас жылқы толықтай табылып, заңды иесіне қайтарылды, 

Құқық қорғаушылар мәлім еткендей, жүргізілген жедел іс-шаралар барысында мал ұрлығына қатысы бар Жуалы ауданының бір тұрғыны анықталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмысқа қатысы бар өзге де тұлғаларды анықтау және ұстау бағытында жұмыстар жалғасуда, - деп хабарлады Жамбыл облысының ПД баспасөз қызметі. 

Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.

Еске салайық, бұған дейін Ақтөбеде қарызын өтеу үшін бір үйір жылқы ұрлаған күдікті ұсталған болатын. 

Өзгелердің жаңалығы