Жамбыл облысында тұрақты діни радикалдар тобының 11 мүшесі ұсталды

Кеше, 22:52
131
Бөлісу:
Жамбыл облысында тұрақты діни радикалдар тобының 11 мүшесі ұсталды
Фото: polisia.kz

Жамбыл облысында прокуратураның үйлестіруімен полиция департаментінің экстремизмге қарсы күрес бөлінісі ҰҚК-мен бірлесіп, діни радикалдар тобының 11 мүшесін ұстады, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Олар әлеуметтік желілерде өзге дін өкілдерінің сезімдерін қорлайтын, өз діндестерінің үстемдігін және өзге сенімдегілердің төмендігін насихаттайтын аудио және видеоматериалдарды, соның ішінде шетелдік радикалды уағызшылардың дәрістерін таратқан.

Аталған материалдардың кейбірі бұрын сот шешімімен діни алауыздықты қоздыратын ақпарат ретінде танылып, Қазақстан Республикасының аумағында таратуға тыйым салынған.

Тұрғылықты жерлерін тінту барысында түрлі діни мазмұндағы материалдар мен басқа да айғақ заттар тәркіленді. Сараптама нәтижесінде осы материалдардан діни алауыздықты насихаттау белгілері анықталды. Топтың жетекшілері мен белсенді мүшелерінің төртеуі уақытша ұстау изоляторына қамалды, қалғандары қылмыстың куәгерлері ретінде кінәларын мойындады.

Топ болып қасақана діни алауыздықты қоздыру белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Өзгелердің жаңалығы