Жамбыл облысында Тұрар Рысқұлов ауданы аумағында жоғалған 1982 жылғы ер адам төрт күндік іздестіруден кейін өлі күйінде табылды. Құтқарушылар мен полиция ауқымды операция жүргізген, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 1982 жылы туған азамат достарымен бірге Аққұдық ауылы маңындағы құмды аймақта орналасқан қыстауға жолға шыққан. Жолда олардың көлігі бұзылып қалған. Осыдан кейін ер адам белгісіз бағытта кетіп, қайта оралмаған. Сол сәттен бастап ауқымды іздестіру-құтқару жұмыстары басталды.
Құтқарушылар күн сайын кең аумақты тексеріп, операцияға кинологиялық есептоптар, ұшқышсыз ұшу аппараттары, арнайы техника және ТЖМ-нің «Қазавиақұтқару» әуе кемесі жұмылдырылды. Іздестіру топтары құмды, қолжетімсіз аумақтарды метрлеп сүзіп шықты.
Өкінішке қарай, кеше жоғалған азаматтың денесін ашық аумақта жергілікті тұрғындар тапқан. Оқиғаның мән-жайын тиісті қызметтер анықтап жатыр.
Бұл қайғылы жағдай шалғай дала аймақтарына, әсіресе қыс мезгілінде сапар шегудің қаншалықты қауіпті екенін тағы бір мәрте көрсетті. Мұндай кезде көліктің шағын ақауы немесе бағыттан адасу адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін.
Еске салсақ, Қостанай облысында жоғалған ер адам табылған еді. Оны Садчиковка ауылынан шамамен 6 шақырым жерде далада құтқарушылар тапты.