Жамбыл облысында қызды алып қашқаны үшін 2 адам сотталды

18 Қазан 2023, 17:30
670
Бөлісу:
Жамбыл облысында қызды алып қашқаны үшін 2 адам сотталды
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ - архив

Тараз қаласының №2 сотының шешімімен Маңғыстау және Ақтөбе облыстарының азаматтары қызды алып қашқаны үшін сотталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

2022 жылдың көктемінде «Ж» есімді азамат ортақ таныстары арқылы «А» есімді азаматшамен танысқан.

Бірнеше кездесуден кейін, қыз қарым-қатынасты одан әрі жалғастырудан бас тартқан.

Алайда осыған қарамастан, «Ж» есімді азамат қызға үйлену үшін алып қашуға шешім қабылдаған.

2023 жылдың ақпан айында Таразға келіп, «Ж» есімді азамат пен досы бірге өз жоспарын жүзеге асыруға кірісіп, қызды алдап, көлікке күшпен отырғызып, қаладан алып кетуге тырысқан.

Көршілер қыздың көмекке шақырғанын естіп, полиция қызметкерлеріне жүгінген.

Полиция жедел әрекет етіп, күдіктілердің көлігін ұстады.

21 қыркүйекте Қылмыстық кодекстің 125-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы бойынша сот үкімімен екеуі де – қызға үйленуге ниетті жігіт пен оның досы кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды, - делінген хабарламада.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Ұрлау, оның ішінде қыз алып қашу адам құқықтарын және бостандық пен теңдіктің негізгі принциптерін бұзу болып табылатынын атап өткен жөн.

Осыған байланысты прокуратура адам ұрлаудың нақты бас бостандығынан айырумен жазаланатын ауыр қылмыс екенін ескертеді.

Өзгелердің жаңалығы