Жамбыл облысында полицей қаза тапты, деп хабарлайды BAQ.KZ өңірлік ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қайғылы оқиға 11 ақпанда сағат 19:40-та Алматы – Ташкент автожолының 203-шақырымында болған. Volkswagen Passat жүргізушісі қарама-қарсы жолаққа шығып, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген патрульдік көлікпен соқтығысқан.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан қызметтік көлікте болған екі полицей түрлі жарақат алып, Қордай аудандық орталық ауруханасына жеткізілді. Жамбыл облысы ПД патрульдік полиция батальонының аға инспекторы Абай Бақытбекұлы Үшкемпір 12 ақпанда аурухананың жансақтау бөлімінде көз жұмды, – деп хабарлады полиция департаменті.
Аға лейтенант Абай Үшкемпір ішкі істер органдарында 2017 жылдан бері қызмет еткен. Ол қызмет барысында тоғыз марапатқа ие болған. Жамбыл облысы Полиция департаменті марқұмның отбасы мен жақындарына көңіл айтты.