Жамбыл облысында полицейлер мектеп оқушысын өлтірді деген күдікке ілінген жасөспірімдерді ұстады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Өңірлік ПД баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес, оқиға 12 қыркүйекте Шу ауданына қарасты Көкқайнар ауылында болған. Футбол матчы кезінде 10-сынып оқушылары 11-сыныптың командасын ұтып кеткеннен кейін екі тарап арасында жанжал шыққан. Сол сәтте үлкен сыныптың бір оқушысы 10-сыныптың шәкіртін соққыға жығып, бала алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмды.
Дәрігерлер келгенімен, жасөспірімді аман алып қалу мүмкін болмады. Қазіргі таңда арнайы комиссия құрылып, оған Балалар құқықтары жөніндегі уәкіл де тартылған.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері 16 және 17 жастағы екі күдіктіні анықтап, уақытша ұстау изоляторына қамады. Қазіргі таңда істі жан-жақты, объективті тергеу үшін қажетті барлық тергеу амалдары жүргізілуде. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесіне орай басқа мәліметтер жария етілмейді, – деді Жамбыл облыстық ПД баспасөз қызметі.