Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбыл облысында карантин жеңілдетілді. Мұндай шешім өңірдегі эпидемиологиялық жағдайдың біршама тұрақталуына байланысты қабылданды, деп хабарлайды «Хабар 24» телеарнасы.
Аймақтың Бас санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес, бүгіннен бастап тұрғындар көшеде еркін жүріп-тұра алады. Бұған дейін жұртқа түнгі сағат 23:00-ден таңғы 06:00-ге дейін жүруге тыйым салынған еді. Мейрамханалар мен қоғамдық тамақтану орындарына сағат түнгі 23:00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат етілді.
Бильярд, кальян, компьютер және түнгі клубтардан басқа ойын-сауық орталықтары мерекеде және жексенбіден басқа күндері ашық болады. Мал базарларына жұмыс істеуге рұқсат берілді. Базар іші сыйымдылығына қарай 50%-дан артық толмауы тиіс.
Бұл Жамбыл облысындағы COVID-19 індетінің эпидемиологиялық жағдайына байланысты. Осы соңғы аптада лабораториямен расталған 20 жағдай ғана тіркеліп отыр. Бұл репродуктивті көрсеткіштің бірге жетпегендіктен осындай жеңілдету шаралары енгізілді, - деді облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің жетекші маманы.