Жамбыл облысында қуаты 1 ГВт гибридті электр станциясы салынады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутаттар Қазақстан мен Франция Үкіметтері арасындағы жаһандық жылынуға қарсы күрес саласындағы ынтымақтастықты іске асыру туралы арнайы келісімді ратификациялады.
Келісімнің мақсаты – Қазақстан аумағында жаңартылатын энергия көздері, орнықты даму саласындағы ірі жобаларды ілгерілету.
Құжат 2022 жылы қарашада Парижде жасалды. Келісімге сәйкес Жамбыл облысы Мирный кентінің маңында жалпы қуаты 1 ГВт гибридті жел электр станциясы жобасын салу жоспарлануда. Бұл жыл сайынғы көмірқышқыл газының шығарындыларын кемінде 2 млн тоннаға қысқартуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ Мирный жобасы аясында 250-ге дейін тұрақты жұмыс орны, 2500 уақытша жұмыс орны құрылады. Шамамен 820 млрд теңге инвестиция тартылып, сағатына қосымша 3600 млрд кВт «жасыл» энергия өндіріледі.