Жуалы аудандық сотында енесінің атына заңсыз несие рәсімдеген әйелге қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Іс материалдарына сәйкес, 2025 жылдың қарашасында әйел өз атына несие рәсімдей алмай, басқа адамнан оны енесінің атына рәсімдеп беруін сұраған. Ол енесінің бұл жағдайдан хабардар екенін айтып сендірген. Сотталушы енесінің телефонын алып, растау кодын айтқан және алдау жолымен онлайн-верификациядан өткен.
Осылайша, ол 1,5 млн теңге сомасында несие рәсімдеген, оның 1,1 млн теңгесі жәбірленушінің шотына түскен. Кейін әйел ақшаны өз шотына аударып, жеке қажеттіліктеріне жұмсаған. Енесі несие туралы тек ай сайынғы төлем келгенде ғана білген.
Әйелдің кінәсі толық дәлелденді. Сот кінәсін мойындауын, өкінуін және жас балаларының болуын жауаптылықты жеңілдететін мән-жайлар ретінде ескерді.
Сот үкімімен сотталушы ҚК 190-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 1 жыл бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды. Жәбірленушінің 1,5 млн теңге сомасына материалдық залалды өтеу туралы азаматтық талап қоюы толығымен қанағаттандырылды, – деді Жамбыл облысы Жуалы аудандық сотының баспасөз қызметі.
Үкім заңды күшіне енді.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда 200-ден астам адамды алдаған қаржы пирамидасы анықталды.
Тағы оқи отырыңыздар:
Талдықорғанда бопсалаушылар таныстарын қорқытып, несие алуға мәжбүрлеген.
Астанада клиенттерге "күш-қуат" арттыратын қоспа сатқан фитнес-жаттықтырушы ұсталды.
Астанада "байланыс операторы" 30% жеңілдік ұсынып, депозиттен 20 млн теңге ұрлады.