Жамбыл облысында "Дала сұңқары-2024" оқу-жаттығуы басталды

22 Маусым 2024, 00:27
399
Бөлісу:
Жамбыл облысында "Дала сұңқары-2024" оқу-жаттығуы басталды
Фото: gov.kz

"Дала сұңқары-2024" бірлескен тактикалық-арнайы оқу-жаттығуына Қазақстан Құрлық әскерлері "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығының тау қорықшысы полкінің әскери қызметшілері мен Қырғызстан армиясы әскери бөлімшесінің әріптестері қатысып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, оқу-жаттығудың салтанатты ашылу рәсімінде әскери қызметшілерді "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің штаб бастығы, оқу-жаттығу жетекшісі полковник Нұрлан Кәрібаев құттықтады. Ол жаттығуға қатысушыларға оқу-жауынгерлік тапсырмаларды орындау барысында сәттілік тіледі.

Қырғызстан Қорғаныс министрлігінің атынан оқу-жаттығуды ұйымдастырғаны және жылы қабылдағаны үшін Қазақстанның әскери басшылығына жасақ командирі капитан Нұртай Талайбек уулу алғысын білдірді.

Бірлескен оқу-жаттығудың барлық кезеңдері мен элементтері "Теріс Ащыбұлақ" полигонында және Қаратау тауларының шатқалында өткізілетін болады. Аралас контингенттің басты мақсаты: жаттығу жоспары бойынша аймақтағы жағдайды тұрақсыздандыруға тырысатын шартты жауды тауып, залалсыздандыру. Жаттығу 28 маусымға дейін жалғасады.

Өзгелердің жаңалығы