Жамбыл облысында биыл 11 білім беру нысаны пайдалануға беріледі

18 Тамыз 2021, 09:15
7491
Бөлісу:
Жамбыл облысында биыл 11 білім беру нысаны пайдалануға беріледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биыл 1 қыркүйекте Жамбыл облысындағы 442 мектепке 240 мың оқушы барады деп күтілуде. 22 мыңнан аса бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттамақ.


Облыстық Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Талғат Жамаловтың айтуынша, биыл 23 білім беру нысанының құрылысына 8,9 миллиард теңге қаралған  десек, оның 11-і пайдалануға беріледі. Нәтижесінде 1 апатты, 3 үш ауысымды, 2 оқушы орын тапшылығы бар, 2 тозығы жеткен мектептің мәселесі шешілетін болады. Барлығы 16 білім беру нысанын күрделі жөндеуден өткізуге 3,6 миллиард теңге бағытталған. Барлық мектеп бейнебақылау камераларымен қамтамасыз етілген. 47 мектепте турникеттер, 18 мектепте дабыл түймелері орнатылған. Өз сөзінде Талғат Жамалов мектеп оқушыларын жаңа оқу жылында оқулықтармен және оқу-әдістемелік құралдармен қамтамасыз ету жайына да тоқталып өтті. Бұл мақсатқа бюджеттен 3,1 миллиард теңге бөлінген. Мемлекеттік сатып алу негізінде сатып алынатын оқу құралдарын жеткізу 20 тамызға дейін толығымен аяқталады. Білім беру мекемелерінің барлық қызметкерлері (медициналық қарсы көрсетілімдері бар адамдарды қоспағанда) COVID-19-ға қарсы вакцина қабылдаған. 

Мектептерде санитарлық талаптарды сақтауға айрықша көңіл бөлінетін болады. Балалардың денсаулығы бәрінен маңызды, сондықтан әр сынып өз кабинетінен ауыспай оқиды. Маска режимі сақталады. Барлық білім беру нысандары «Ashyq» қосымшасына қосылған, - деді Талғат Жамалов. 

Оның айтуынша, егер бір оқушыда коронавирус диагнозы анықталса, онда сол класс қашықтан оқыту форматына жіберіледі. 

Балалар мен олардың ата-аналары қажетті оқу құрал-жабдықтарын сатып алып жатқанда, басқарма мен білім бөлімдері оқушылардың оқуына қолайлы жағдай жасау үшін бар күшін салуы керек, - деді облыс әкімі. 

 Аймақ басшысы тиісті басқарма мен білім беру сапасын қамтамасыз ету жөніндегі департаментке бірқатар тапсырмалар жүктеді. 

Барлық оқушыны оқулықтармен, елді мекендердегі интернеттің сапасы мен жылдамдығымен қамтамасыз ету, апатты мектептер мәселесін зерделеу, мектептерді облыстық полиция департаментінің жедел басқару орталығымен интеграциялау бойынша жұмыстарды аяқтау, білім беру нысандарын жылыту маусымына дайындауды жеделдету, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жаңа жүйесін енгізу қажет. Даладағы дәретханалар мәселесі шешілгенімен, барлық мектептер кәріз жүйесімен қамтамасыз етілмегендігі көтеріліп отыр. Бұл мәселені зерделеңіздер, - деп талап етті өңір басшысы. 
Аппараттық кеңесте ағымдағы жылдың 7 айындағы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары да талқыланды. Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова хабарлағандай, экономикалық өсім 106,4 пайызды құраған. Өнеркәсіптегі өнім көлемі 107,7 пайызды, ауыл шаруашылығы - 104,2, құрылыс - 116,5, пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі - 116,4 пайызды, инвестициялар - 111,2, ал бөлшек сауда көлемі - 102,4 пайызға айналған. Қаржы басқармасының басшысы Жақсылық Сапаралиев есепті кезеңдегі бюджеттің атқарылу қорытындысы туралы баяндады. Облыс әкімі басқарма басшылары мен аудан әкімдерін жоғары нәтижеге қол жеткізу үшін аймақтың бар мүмкіндігін толық пайдалануға шақырды.




Өзгелердің жаңалығы