Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Жамбыл облысында әйелін ұрып-соққан азаматқа сот үкімі шықты

1 Желтоқсан 2025, 14:03
272
Бөлісу:
 BAQ.KZ коллажы
Фото: BAQ.KZ коллажы

Жамбыл аудандық соты Қылмыстық кодекстің "Бірнеше рет ұрып-соғу" бабы бойынша сотталушы Т.-ға қатысты қылмыстық істі қарады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Істің мән-жайы қандай?

2025 жылдың қыркүйегінде сотталушы Т., жұбайы Б.-мен өзара сөзге келіспей қалып, ұрыс кезінде ас бөлмеде тұрған темір қалақты лақтырып, әйелінің аяғының сан бөлігін жарақаттаған. Бір күннен кейін сотталушы жәбірленушіні бірнеше рет теуіп, ұрып-соққан.

Кінә жәбірленушінің айғақтарымен, сараптама қорытындысымен және қылмыстық істің басқа да материалдарымен дәлелденді.

Сотталушы мен прокурор позициясы

Прокурор сотталушыны қоғамдық жұмыстарға тартуды сұрады.

Сотталушы кінәсін толығымен мойындады.

Жәбірленуші жұбайын кешіретінін мәлімдеп, оны жауапқа тартпауды сұрады.

Сот үкімі қандай?

ҚК 109-1-бабы 2-бөлігінің санкциясы 100-ден 200 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не 100-ден 200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, не 30 тәуліктен 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алу түріндегі жазаны көздейді, - делінген

Жамбыл аудандық сотының баспасөз қызметінің хабарламасында.

Сот сотталушының кінәсін толық мойындауын, жәбірленушінің оны кешіруін және кәмелетке толмаған балаларының болуын жауапкершілікті жеңілдететін мән-жайлар деп таныды.

Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.

Сот үкімімен Т. ҚК 109-1-бабы 2-бөлігінің 7) тармағы бойынша кінәлі деп танылып, оған 120 сағаттық қоғамдық жұмыстар түрінде жаза тағайындалды.

Үкім заңды күшіне енді.

Өзгелердің жаңалығы