Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ІІМ Криминалдық полиция департаменті бастығының орынбасары Қанат Нұрмағамбетов интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл туралы өткен брифингте айтты.
Қанат Нұрмағамбетов айтқандай, мұндай қылмыстардың ерекшелігі көп адамды қамтиды.Интернет-алаяқтық қоғамда орын алып отырған өзекті әрі маңызды құбылыс болып табылады. Елімізде жиі кездесіп жүрген интернет-алаяқтық түрлеріне келсек, олар: интернет сауда жасау және қызмет көрсету, өздерін банк қызметкері ретінде таныстырып, онлайн несие алу арқылы адамдарды алдау. Алаяқтар әлеуметтік желі арқылы жалған парақша ашып, хабарландыру жариялайды. Соңғы үш айда ішкі істер органдары 6 мыңнан астам осындай қылмысты тіркеді, - деді ол.
Мәселен, Жамбыл облысында алаяқ әйел Instagram әлеуметтік желісінде жалған парақша арқылы киім сатқан. Қазіргі таңда 40 жәбірленуші анықталды. Тергеу жұмыстары жалғасып жатыр. Қарағанды облысында қылмыстық тергеу барысында автобөлшектерді сату бойынша жалған хабарландыру таратқан 23 адам анықталды. Осындайға ұқсас істер елдің барлық өңірінде тіркелген, - деді Нұрмағамбетов.