Жамбыл облысында ағалы-інілі балалар пойыздан секіріп кеткен

30 Тамыз 2022, 14:52
2872
Бөлісу:
Жамбыл облысында ағалы-інілі балалар пойыздан секіріп кеткен
Фото: Zakon.kz

Жамбыл облысында кәмелетке толмаған ағалы-інілі балалар көрші ауылға әкесіне бару үшін жүк пойызының соңғы вагонына мініп алған.  Пойыз жылдамдықты арттыра бастағанда балалар қорқып секіріп кеткен, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Оқиға 29 тамызда кешке болған.

Көліктегі полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше,   жүк пойызында кетіп бара жатқан балаларды бақташы байқап қалып, полицияға хабарлаған.

Іздеу нәтижесінде тоғыз жасар бала Билекөл ауылының маңынан, ал жеті жасар інісі Жұма станциясының жанынан табылды. Балалар ауруханаға жатқызылды, - деді Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Анықталғандай, 29 тамызда  балалар Жамбыл облысының Тамды ауылында  әжесінде қонақта болған.

Қараусыз қалған балалар көрші ауылда тұратын әкесіне баруды шешіпті. Осы мақсатта станцияда ұлдар жүк пойызының вагонына мініп алған.  Пойыз жылдамдықты арттырған кезде балалар қорқып, Жұма станциясының маңында секіріп кеткен, - деді Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Аталған факті бойынша ҚК 344-бабының 1-бөлігі «теміржол көлігі қозғалысының қауіпсіздігі қағидаларын бұзу»бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Өзгелердің жаңалығы