Жамбыл облысында 565 дәрігер тапшы – Сапарбаев

8 Шілде 2020, 11:50
1846
Бөлісу:
Жамбыл облысында 565 дәрігер тапшы – Сапарбаев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Өңірлік коммуникациялар қызметінде онлайн өткен баспасөз конференциясында айтты. 

Күннен-күнге науқастар санының өсіп бара жатқанына қатысты өзіміздің болжамымыз бар. Егер індет осылай тоқтамайтын болса, бізге кем дегенде 1500 төсек-орын керек болады. Біз қазір шипажайлар мен балалар үйін, Тұрар Рұсқылов ауданындағы туберкулез ауруханасын босаттық. Қазір олар жөнделіп жатыр. Тамыз айында олар толығымен іске қосылатын болады, - деді Сапарбаев. 

Облыс әкімі атап өткендей, өңірде ӨЖА бойынша 148 аппарат бар.

Науқастар көп, бар аппараттар жетпейді. Тұрғындар өздерінің туысқандарын ЖӨА-ға қосуды сұрайды. Біз қазір көрші Ресей, Өзбекстан елдерімен жұмыс істеп жатырмыз. Жақында қосымша 50 осындай аппаратты алатын боламыз. Оттегі беретін аппарат пен монитор алуымыз керек. Денсаулық сақтау министрлігіне 5 млрд теңгеге өтінім жасадық. Осындай аппаратураларды алу үшін республикалық бюджеттен қосымша қаржы бөлуді сұрадық. Қазір ол бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз, - деді ол. 

Сапарбаев өңірде 2 мыңнан астам дәрігер жұмыс істеп жатқанын айтты.

Қазір біздің болжамымыз бойынша, 565 дәрігер жетіспейді. Оны толықтыру жолы ретінде зейнетте жүрген және ЖОО-ның соңғы курстарында оқитын студенттерді қайта оқытып жатырмыз. Оларды ертең пайдалансақ деген жоспарымыз бар. Кейбір дәрігерлер күндіз-түні жұмыс істеп жатыр, олардың үйіне барып келуге мүмкіндігі жоқ. Сондықтан біз 6 қонақ үйді дайындадық. Онда кем дегенде 400-ге жуық дәрігер бос уақытында демалады, - деді ол.
Естеріңізге сала кетейік, облыс басшысы өңірде әлі де той-томалақтың тоқтамай тұрғанын айтқан еді.

Өзгелердің жаңалығы