Жамбыл облысы. BAQ.KZ тілшісі. Бүгінгі күні Қазақстанда азық-түлік өнімдерінің көлемін кеңейту және оның қауіпсіздігі мен қолжетімділігін ұйымдастыру маңызды мәселенің қатарында тұр.
Ал нарық заманында, экономикалық ахуал күн санап ілгерілеген дәуірде асыраушы саланы өркендетіп, халықтың тұрмысын түзеу де күн тәртібінен түспейді.
Бұл туралы «Тараз» ӘКК» АҚ өңірлік тұрақтандыру қоры басқару департаментінің директоры Арман Түймебаев айтты. Оның сөзінше, қазіргі таңда Жамбыл облысындағы азық-түліктің қауіпсіздігін ұйымдастыру, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасының себепсіз көтерілін болдырмау мақсатында нақты шаралар қабылданған.
Мәселен, өңірдегі сауда нүктелерінде баға тұрақтылығы айрықша назарға алынып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының құнын реттеуге септігін тигізіп отырған «Тараз» ӘКК» АҚ тұрақтандыру қоры арқылы облыс тұрғындары арзан өніммен қамтамасыз етіліп отыр. Бүгінгі күні аймақта барлығы 33 әлеуметтік бағыттағы дүкендер мен павильондар жұмыс істеуде. Оның 22-сі Тараз қаласының аумағында орын тепкен, 11 сауда нүктесі аудандардың орталықтарында орналасқан, - деп түсіндірді Арман Бекмұратұлы.
Ол өткен жылы Тараз қаласының әлеуметтік павильондары мен сауда нүктелерінде «Тараз» ӘКК» АҚ тұрақтандыру қорының күріш, ұн, қарақұмық жармасы, жұмыртқа, сәбіз сияқты әлеуметтік маңызы бар тауарлары сатылғанын атап өтті. Нақтылай айтқанда, 406,7 миллион теңгеге 3 060 тоннадай азық-түлік тауарлары сатып алынған екен. Сондай-ақ 2021 жылы 4 506 тоннадан аса әртүрлі тауар, 30,5 мың бөлке нан және 340 мың данаға жуық жұмыртқа сатылған.
Сонымен бірге, әлеуметтік павильондар мен сауда нүктелеріне жергілікті тауар өндірушілерден «Көкжиек-2030» ЖШС және «Бурненская молочная компания» ЖШС сүт өнімдерін төмен бағамен жеткізу жүзеге асырылды. Былтыр Тараз қаласында осындай 19 әлеуметтік павильон орнатылды. Олардың орналасқан орындарымен және тауарларды жеткізу кестесімен кез келген тұтынушы біздің сайтымыздың «тұрақтандыру қоры» бөлімінде таныса алады, - деді жауапты маман.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түліктік тауарлардың бағаларын тұрақтандыратын тетіктерді іске асыруұйымдастыру шеңберінде «Тараз» ӘКК» акционерлік қоғамы кәсіпкерлерге несие беруді де қолға алған екен. А.Түймебаевтың айтуынша, өткен жылы кәсіпкерлік субъектілерін айналым қаражатын толықтыруға несиелендіру жалғастырылған. Қарыздар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының, көкөністердің белгілі бір түрлері, сондай-ақ күнбағыс майы мен ұн бойынша жалпы сомасы 779,9 млн теңгеге 5 кәсіпкерлік субъектісіне берілген.
Ал биыл 1 500 тонна қант, 3 000 тонна ұн, 1,5 миллион тауық жұмыртқасы, 800 тонна көкөніс, 300 тонна сүт, 120 тонна өсімдік майын алу жоспарланып отыр. Сонымен қатар кəсіпкерлерге пайызсыз несие беру шеңберінде 3 100 тонна ұн, 2 500 тонна көкөністер, тағы басқа əлеуметтік тауарлар сатып алу бойынша келіссөздер жүргізіліп қойды. Расында, әлеуметтік бағыттағы сауда орындарына тұрғындардың сұранысы күн санап өсіп келеді. Сәл ілгеріде кішкене ғана бір дүкен күн сайын 100-150 тұтынушыға қызмет көрсететін болса, қазіргі таң бір сауда нүктесі әр күн сайын 400-450 тұрғынға дейінқамтиды. Осылайша әлеуметтік дүкендердің қызметі бұрнағы жылдармен салыстырғанда 3,8 есеге ұлғайған, - деп толықтырды департамент директоры .
Айта кетерлігі, мұндай павильондар халықтың әлеуметтік осал топтары үшін арнайы жасалып отыр. Алып-сату фактілеріне жол бермес үшін бір адамға сатылатын тауарлардың көлем-нормасын да белгілеу қолға алынған. Осыған орай, бір қолға берілетін тауарлардың күнделікті нормасы 1,5 келі қант, 1 литр күнбағыс майы және 10 дана жұмыртқа болып белгіленген.