Жамбыл облысында 300 млн теңгеден астам бюджет қаражатын жымқыру ісі бойынша үкім шықты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұдан бұрын Жамбыл облысының прокуратурасы "Меркі тәжірибе шаруашылығы" ЖШС мен "Жеміс-жидек" ЖШС қызметіне тексеру жүргізіп, аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын жымқыру фактілерін анықтаған.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс тіркеліп, тергеуді жүргізу облыс прокуратурасының арнайы прокурорларына жүктелді.
Яғни, 2015-2022 жылдар аралығында аталған ЖШС басшылары қол астындағы қызметкерлердіңкөмегімен жеміс ағаштарының көшеттерін сатумен байланысты құжаттарды қолдан жасап, сатылған өнім көлемін әдейі асыра көрсеткені анықталды, - деп хабарлады Жамбыл облысы прокуратурасы.
Алаяқтық әрекеттердің нәтижесінде олар мемлекеттен 321 млн теңгеден астам көлемде заңсыз субсидия алған.
Қылмыстық іс аясында айғақтар толық жиналып, күдіктілерге ҚК-тің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы және 385-бабы 2-бөлігі (алаяқтық және жалған құжаттарды қолдан жасау) бойынша айып тағылды.
2025 жылғы 23 шілдеде Меркі аудандық соты барлық күдіктілерді кінәлі деп таныды. ЖШС басшыларына 6 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, сондай-ақ 10 жыл мерзімге қаржы бақылауы және мемлекеттік сектор саласында лауазым атқаруға тыйым салынды, - делінген хабарламада.
Белгілі болғандай, алаяқтық жасауға көмектескен бес қызметкерге 3 жылдан 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Облыс прокуратурасы мемлекеттің мүддесін қорғау және бюджет қаражатының нысаналы пайдаланылуын қамтамасыз ету бойынша жұмыстарды жалғастырады.