Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбыл облысында толассыз жауыннан аулаларды су басты, деп хабарлайды jambylinfo.kz.
Тараз қаласында нөсер жаңбыр мен тазартылмаған арықтардың салдарынан 17 аула аумағын су басқан. ТЖД және жергілікті атқарушы органдар қызметкерлерінің күшімен барлығы 39 адам, 9 техника және 9 мотопомпамен жұмыс жүргізілуде. Қазіргі уақытта тұрғын үйлерге қауіп төніп тұрған жоқ.
Сондай-ақ Жуалы ауданында 2 сағат 49 минутқа созылған жауын-шашыннан көлбеу ағын пайда болып, салдарынан Қоңыртөбе ауылындағы аула аумақтарын су алып, Майбұлақ ауылындағы бес үйдің ауласын су басты. Ал Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылында бес ауланы су басқан. Су деңгейі 18-20 см. Тұрғын үйлерді су басу қаупі жоқ, – делінген ТЖ департаменті баспасөз қызметінің хабарламасында.
ТЖД және жергілікті атқарушы органдардың күшімен барлығы 22 адам, 6 бірлік техника және 4 мотопомпа суды сору, арық жүйесін тазалау және нығайту бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, жалпы облыс бойынша жауын-шашын салдарынан барлығы 30-дан астам аула аумағын су басқан.