Жамбыл облысында 110 млн теңгенің малын ұрлаған күдіктілер ұсталды

28 Желтоқсан 2022, 22:52
857
Бөлісу:
Жамбыл облысында 110 млн теңгенің малын ұрлаған күдіктілер ұсталды
Фото: Polisia.kz

 Жамбыл облысында 110 млн теңгенің малын ұрлаған күдіктілер ұсталды, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz сілтеме  жасап.

Қордай аудандық полиция бөліміне осы ауданның мүйізді ірі қара мал өсірумен айналысатын жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 46 жастағы төрағасы жүгініп, мал ұрлығының орын алғаны жөнінде шағымданған.

 Ер адам өз арызында 2021 жылдың қазанынан ағымдағы жылдың тамызына дейінгі аралықта жоғалған асыл тұқымды сиырларын ұрлауға шаруа қожалығындағы малшысы мен көрші шаруа қожалықтың басқарушысының қатысы бар деп баяндаған. 

Осы дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 188-1-бабы 4-бөлігімен (Мал ұрлығы) сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Аудандық полиция қызметкерлерімен жүргізілген жедел-іздестіру жұмыстарының нәтижесінде 1972 жылы туылған Шу ауданының және Алматы қаласының тұрғындары анықталып, ұсталды. 

Күдіктілер кінәсын толық мойындады. Тергеу барысында күдіктінің бірі мал ұрлығы туралы алдын ала жоспарлағаны анықталды. Осы мақсатта ол екі табын малды әдейі қосып жіберіп, біріктіріп баққан.Кешке қарай басқа малшымен малды бөліп, соңында бірнеше бас малды өзіне қарай білдіртпей айдап жіберіп отырған.

 Түнде ол артық мал басын табыннан бөліп алып, оларды көрші шаруа қожалығына айдап апарған, ал оның жетекшісі одан әрі ұрланған малды сатқан. Осылайша ұсталған азаматтар ұзақ уақыт бойы барлығы 137 бас ірі қара малын ұрлап әкеткен.

Келтірілген жалпы шығын көлемі – 109 600 000 теңге. Қазіргі уақытта күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды.

 Аталған қылмысты жасағаны үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің талаптары бойынша мүлкі тәркіленіп, жеті жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылады.

Өзгелердің жаңалығы