Жамбыл облысы балама энергия көздерінен өндірілген қуат бойынша республикада көшбасшы атанды, деп хабарлайды BAQ.KZ ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қытай компаниялары Қазақстанда энергетиканың осы саласын белсенді түрде дамытып жатыр. Қазақстанның бірнеше өңірлері, соның ішінде біздің облыс Қытай тарапымен жаңартылатын көздерді пайдалана отырып, электр энергиясын өндіру, салу және пайдалану бойынша ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойған болатын. Дегенмен, бизнес пен инвесторларды біріктіретін тек энергия ғана емес. Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің Қытай орталық комитетінің Бірыңғай кеңсесінің жұмыс бөлімі министрінің орынбасары, Бүкілқытайлық өнеркәсіп және сауда федерациясы төрағасының бірінші орынбасары Шэнь Инмен кездесуінде Серік Жұманғарин Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықтың барлық салаларында, әсіресе сауда-экономика саласындағы қарым-қатынастарының жоғары серпінін атап өтті.
Қытай дәстүрлі түрде еліміздің ең ірі сауда серіктесі болып қала береді және Қазақстан экономикасына әсер етуші инвесторлардың үздік бестігіне кіреді. Өткен жылы елдер арасындағы тауар айналымы 30 пайызға өсіп, 41 миллиард долларлық тарихи деңгейге жетті. Биылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша тауар айналымы 20 пайызға дерлік серпінді өсуді жалғастыруда, – деді премьер-министрдің орынбасары. – 2005 жылдан бері Қытайдан Қазақстан экономикасына салынған жалпы инвестиция көлемі 25 миллион долларға жуықтады. Өткен жылы Қытайдың тікелей инвестициясы 15 пайызға өсіп, 1,6 миллиард доллардан асты. Бүгінгі таңда бірлескен кәсіпорындар пулы 90-нан астам инвестициялық жобадан тұрады. Энергетика, тау-кен металлургиясы, машина жасау, электротехника, ауыл шаруашылығы, көлік инфрақұрылымы, білім беру, туризм және тағы да басқа салаларда қарқынды жұмыстар жүргізілуде.
Сондай-ақ Серік Жұманғарин өзара әлеуетті іс-қимылды нығайтудың кең ауқымын атап өтті. Атап айтқанда, ол қант өнеркәсібін дамыту аясында қант зауыттарын салуға инвестиция салуды ұсынды. Сондай-ақ, ол астықты терең өңдейтін кәсіпорындардың санын арттыруға қызығушылық танытты. Қазақстан өз тарапынан ұқсас және басқа да инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға барынша көмек көрсетуге дайын.